Павлодар облысында фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша қарыз жабылды

Павлодар облысында фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша қарыз жабылды

2020 жылдың басында өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары төлемеген субсидиялар бойынша қарыз 4 миллиард теңгеден астам болды. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушыларына Павлодар облысы әкімінің АӨК мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Асайын Байханов хабарлады.

 

2020 жылдың қысқаша қорытындысын шығара отырып, ол облыстағы аграрлық саланы қолдауға барлығы 29 миллиард теңге бағытталғанын еске салды. 50 мыңнан астам адам жұмыспен қамтып отырған 2800-ге жуық шаруа қожалығы мен компания субсидия түрінде көмек алды. Сонымен қатар өткен жылы Сәтбаев атындағы арнадан су алатын фермерлерге арналған субсидиялар қайтарып алынды. 2019 жылы мұндай ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялау туралы ереже күшін жойған болатын.

 

Агроөнеркәсіптік кешенді несиелендіруге келетін болсақ, 2020 жылы 1000-нан астам фермер 20,5 миллиард теңге қарыз алды. Сондай-ақ көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде аграршылар литріне 150 теңгеден 43 мың тонна арзандатылған дизель отынын алды. Өткен жылы 231 жаңа шаруашылық өз жұмысын бастады.

 

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл қорытындысы бойынша салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өңірлік өнімнің жылдық өсімі 27%-ды құрап, құны 301 миллиард теңгеден асты. Нақты көлем индексінің өсімі 107,5%- ды құрады және Павлодар облысы осы көрсеткіш бойынша Қазақстанның топ-3 өңірінің қатарына енді. АӨК-ке 53 миллиард теңге инвестиция тартылды, ал өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының жылдық көлемі 40,9 мың тоннаны немесе ақшалай баламада 18,4 миллион АҚШ долларын құрады.

 

Өткен жылмен салыстырғанда жалпы өнім 21%-ға өсіп, 1,85 миллион тоннадан асты. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 9,2 центнерді, ал көкөніс және бақша дақылдары гектарына 313 центнерді құрады.

 

Салада 22 миллиард теңге сомасына бірден 59 инвестициялық жоба іске асырылды. Заманауи желдету және салқындату жүйелерімен жабдықталған өнеркәсіптік көкөніс қоймаларының жалпы көлемін 16 мың тоннаға арттырып, 309 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік туды. Жалпы саны 3900 асыл тұқымды сауын сиырлы 7 жаңа сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. 3800 ірі қара мал жақын және алыс шетелден әкелінді. Сондай-ақ павлодарлық аграршылар жалпы құны 17,1 миллиард теңгеден асатын 1060 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

 

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі