VII шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихаты бірінші отырысын өткізді

VII шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихаты бірінші отырысын өткізді

15 қаңтарда мәслихаттың жаңартылған құрамы жұмысқа кірісті. I сессияда депутаттар мәслихат хатшысын сайлады, тұрақты комиссиялар құрды және 2025 жылға дейін есептелген Павлодар облысының аумағын дамыту бағдарламасын бекітті.

 

Отырыс депутаттардың белгілері мен куәліктерін тапсырудан басталды, содан кейін хатшы сайланды. Бұрын Тереңкөл ауданының әкімі болып жұмыс істеген  Ернұр Айткеновтің кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Сонымен қатар депутаттар бес тұрақты комиссияның құрамын бекітті. Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссияны - Мейрам Бегентаев, әлеуметтік - мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияны - Динара Айтжанова, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі комиссияны - Илья Теренченко, аграрлық мәселелер жөніндегі комиссияны - Сайлау Оразбаев, ал экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны Серік Сәдуақасов басқарады.

 

Сессия барысында депутаттарға Павлодар облысының аумағын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы ұсынылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук атап өткендей, құжат 7 негізгі мәселені шешуге арналған.

 

- Бұл халық санының азаюы, шикізат салаларының басым болуы, агроөнеркәсіптік кешенде терең қайта өңдеудің дамымауы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың қанағаттанарлықсыз жағдайы, мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы, қолайсыз экологиялық жағдай және онкологиядан сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің жоғары болуы, Бағдарлама үш негізгі бағытты қарастырады: «Аймақ экономикасының өсуі», «Өмір сүруге ыңғайлы және қауіпсіз аймақ» және «Өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету». Олардың әрқайсысын іске асыру үшін даму мақсаттары мен тиісті индикаторлар айқындалған, - деп хабарлады Ирина Назарчук.

 

Депутаттар ұсынылған аумақты дамыту бағдарламасын қолдады. Оны іске асыру осы жылы басталады.

 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пандемия мен оның салдары атқарушы және өкілді биліктің алдына тиімді шараларды уақтылы қабылдау міндетін қойғанын атап өтті.

 

- Сіздер әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басымдықтары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізу және өз сайлаушыларыңызбен тиімді кері байланыс орнату бойынша жұмысты жалғастыруларыңыз керек. Жаңартылған депутаттық корпус атқарушы билікпен бірлесіп, облыс тұрғындарының мүддесі үшін жұмысты қайта жандандырады деп ойлаймын. Біздің тұрғындар көтеретін өзекті мәселелер бойынша жұмысты белсендірек жүргізулеріңізді сұраймын, - деді өңір басшысы депутаттарға.

 

10 қаңтарда өткен сайлау қорытындысы бойынша Павлодар облыстық мәслихатына үш партия өтті: «Nur Otan» - 27 мандат, «Ауыл» - 3 мандат және «Ақ жол» - 2 мандат. Жаңа депутаттық корпус 10 әйел мен 22 ер адамнан тұрады. Халық қалаулыларының орташа жасы - 45 жас, олардың ең жасы 30-да.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев