Павлодар облысында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасы таныстырылды

Павлодар облысында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасы таныстырылды

2021 жылы жаңа бағдарламаны іске асыру арқылы облыста 2000 кәсіпкерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту, 1000 жаңа кәсіпкерлік субъектілерін ашу және қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін 10% арттыру жоспарланып отыр. 36 жоба мен 588 кіші жобаны қамтитын «Business Ertis» тұжырымдамасы облыс әкімдігінде таныстырылды.

 

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, бағдарламаның негізі облыстағы бизнес-ахуалды егжей-тегжейлі талдау болып табылады. Кең ауқымды әртараптандырылған бағдарламаны кәсіпкерлердің өздері және даму институттарының өкілдері әзірледі. Ол бес блокқа бөлінді: «Business Birge», «Business Social», «Business Eco», «Business Innovation» және «Business Invest». Оларды іске асыруға бизнес қауымдастықтан 12 куратор, 1000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі, 11 үкіметтік емес ұйым, облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері, 15 салалық және аумақтық басқарма, 20 даму институты мен ұлттық компаниялар, сондай-ақ 48 жоғары оқу орны мен колледж тартылатын болады.

 

- Егер «Business Birge» бағыты туралы айтатын болсақ, оның негізгі міндеті – біздің бизнесмендер бетпе-бет келетін 300 жеке және 30 жүйелі проблемалық мәселелерді шешу. Жүргізілген талдау көрсеткендей, кәсіпкерлер елімізде 90-нан астам бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының барынан көп жағдайда хабардар емес. Осы ақпараттың барлығын біз жақын арада бизнес қауымдастыққа ұсынамыз, - деп атап өтті Айбек Тұрсынғалиев.

 

«Business Social» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 100 жұмыс орнын құру көзделген. Павлодар облысының мүмкіндігі шектеулі тұрғындары да қалауы бойынша өз ісін аша алады. «Business Eco» бағыты бойынша өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сұрыптауды, автомобиль шиналарын жинау мен кәдеге жаратуды жандандыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы демалыс орындарын абаттандыруды бастау жоспарланып отыр.

 

«Business Innovation» блогы кәсіпкерлерге кәсіпорындарды тиімді іске қосу бойынша ұсыныстар беруге мүмкіндік беретін арнайы ақпараттық-талдау жүйесін құруды көздейді.

 

- Өз ісін дамытуға дайын кәсіпкерлер де ақшаны қайда салу керектігін түсіне бермейді. Жүйеде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері көрсетілетін карта болады. Мысалы, бизнесмен Павлодарда Естай көшесі, 93 мекенжайы бойынша шаштараз ашуды шешті. Ұсынылған жүйенің арқасында біз осы шағын ауданда қанша шаштараз жұмыс істейтінін, оған қажеттілік бар-жоғын және жоба өзін қаншалықты тез өтейтінін, яғни қаржы моделінің сәттілігін есептей аламыз. Осылайша біз әрбір кәсіпкерге нақты бағдар бере алар едік, - деп атап өтті Айбек Тұрсынғалиев.

 

«Business Invest» бағыты бойынша «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында дайын өндірістік үй-жайлар салу ұсынылады. Осының арқасында инвесторлар құрылысқа кететін уақыт пен ақшаны үнемдейді. Сонымен қатар бизнесмендер кез келген уақытта алаңнан ең аз шығынмен кете алады немесе жоба сәтті болған жағдайда үй-жайлардың бір бөлігін сатып ала алады.

 

Презентацияны қорытындылай келе, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бағдарламаны дұрыс іске асыру қажет екенін атап өтті. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен даму институттары қосылуға тиіс.  

 

- Біз осы жобадағы әрбір жауапты адамның рөлін түсінуіміз керек. Сервиске баса назар аудару қажет. Біз бағдарламаның қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін және қолдауды қажет ететін кәсіпкерлерді қамтитынын білуіміз керек. Түпкілікті нәтиже қандай да бір көмек алған бизнесмендер барынша ұзақ уақыт белсенді болуы тиіс, - деді өңір басшысы.

 

«Business Ertis» бағдарламасымен жұмыс істейтін жобалық кеңсе «Инвесторлар үйі» базасында орналасады. Жоба бизнестің барлық бағыттарын қамтып, нақты (аралық және қорытынды) нәтижелерді көздеуі тиіс.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі