Павлодар облысында «Ертіс Дарыны» жастар сыйлығының қорытындысы шығарылды

Павлодар облысында «Ертіс Дарыны» жастар сыйлығының қорытындысы шығарылды

22 лауреат дипломдар мен 500 мың теңгенің сертификаттарына ие болды.

 

Сыйлықтарды табыстау рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде өңір әртүрлі салаларда жоғары білікті кадрлар ұстаханасы болғанын және бүгін де солай екенін атап өтті.

 

- Павлодар облысының көптеген жастары өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейлерде үлкен биіктерге жетті. Сіз одан да үлкен жетістіктерге жете алатындарыңызға сенімдімін. Сіздер өскелең ұрпақ үшін өзін өсірудің мысалысыздар. Бұл сіздердің ата-аналарыңыздың, мұғалімдер мен тәлімгерлеріңіздің еңбегі бар,- деді Әбілқайыр Сқақов.

 

Павлодар облысында 14-29 жас аралығындағы жастарға «Ертіс Дарыны» сыйлығы екінші жыл қатарынан беріліп отыр. Конкурстық науқан қорытындысы бойынша 10 номинация бойынша жастар сыйлығын алуға 200-ден астам өтінім берілді. Биылғы жылы «Жыл жетістігі» арнайы номинациясы құрылып, онда Worldskills кәсіби шеберлік чемпионатын жеңіп алған және 2021 жылы Австралияға халықаралық турнирге жолдама алған Дина Афанасьева және ремиксі «Грэмми» сыйлығына ұсынылған музыкалық продюсер Иманбек Зейкенов марапатталды.

 

«Еріктілік» номинациясын 16 жастағы белсенді Айбек Ғазиз жеңіп алды. Ол пандемия кезінде дәрі тамызғыштарға штатив жасап, блокпосттар мен провизорлық орталықтарға ыстық түскі астарды дайындауға және жеткізуге қатысты. Аталмыш номинацияға «Birge» өңірлік фронт-офисінің басшысы Саягүл Серікбекқызы да ие болды.

 

Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуға лицензия алған боксшы Серік Теміржанов пен Азия ойындары мен Ислам ойындарының қола жүлдегері Мамед Ибрагимов «Спорт» номинациясы бойынша үздік деп танылды. «Мәдениет» номинациясы бойынша марапаттар Ж.Аймауытов атындағы театр актері Сұлтан Әнуарбек пен айтыскер Абзал Қабдрашқа бұйырды. «Білім және ғылым» номинациясында Қазақстан тарихы бойынша «Lego құрал» әмбебап құралының авторы Дастан Мұхтар мен биология саласында оқушыларға арналған екі бағдарлама жасаған мұғалім Гүлнәр Жингулова аталып өтті.

 

Сыйлықты ұйымдастырушылар медицина қызметкерлері туралы да ұмытпады. «Медицина» номинациясында Павлодардағы блокпостта жұмыс істеген медбике Ботагөз Ұлтанбекова және Павлодар қаласының №3 ауруханасында диабетологиялық орталық жанындағы Қазақстандағы жалғыз офтальмологиялық кабинетті ұйымдастыруға белсенді қатысқан резидент дәрігер Ержан Ғалиев үздік деп танылды.

 

«Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша марапаттар Павлодар облысы кәсіподақ орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Гүлзира Атабаеваға және «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтары облыстық штабының басшысы Абай Уахитке берілді. Журналистер арасында облыстық «Ertis» телеарнасының қызметкері Ринат Абдулкаюмов, сондай-ақ Торайғыров университеті газетінің редакторы және «Звезда Прииртышья» газеті мен «Павлодар-онлайн» ақпараттық сайтының тілшісі Кристина Кохно сыйлық лауреаттары атанды.

 

Павлодар мұнай-химия зауытының аға операторы Мирас Өскембаев пен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ жылу автоматикасы және өлшеу цехының инженер-электронигі Виктор Бабковский жастар арасындағы өндірістің үздік жұмыскерлері атанды. «Кәсіпкерлік» номинациясы бойынша Төртқұдық ауылының «Балтабай» шаруа қожалығының басшысы Ғайса Әділбеков және Успенка ауылының «Тілектерді визуализациялау студиясының» жетекшісі Милена Козик жеңіске жетті.

 

«Ерлігі үшін» номинациясы бойынша марапаттар Ертіс ауданының №9 өрт сөндіру бөлімінің командирі Асылхан Текжановқа бұйырды, ол жүздеген ірі және ұзаққа созылған өрттерді жою мен сөндіруге атсалысқан. 2019 жылы ол Ертіс ауданы аумағындағы аса қауіпті өртті жоюға қатысты. Сондай-ақ Павлодар патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Азамат Әкімбаев ерлігі үшін аталып өтті. Ол қалалық көп қабатты үйлердің бірінде өрт шыққан кезде өрт сөндіруге және тұрғындарды эвакуациялауға қатысқан.

 

- Павлодар облысындағы жастар ең дарынды, табысты және жұмысқа қабілетті деп айта аламын, - деді «Ертіс Дарыны» сыйлығының лауреаты Кристина Кохно. - Біздің өңірде осындай сыйлық тағайындалғаны тамаша болды. Біз үшін бұл болашақта одан да жақсы болуға ынталандыру болады.

 

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 140 мыңнан астам жас тұрады. Бұл санға студент және жұмысшы жастардың 60 мың өкілі, 3 мың жас кәсіпкер және 15 мың волонтер кіреді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев