Павлодарлықтар Сovid-19-дан кейін қалай тегін оңалтудан өте алады?

Павлодарлықтар Сovid-19-дан кейін қалай тегін оңалтудан өте алады?

COVID-19 және коронавирустық пневмониямен ауырғандарға оңалтуды қалай алуға болатыны жөнінде № 3 Павлодар қалалық емханасының дәрігер-реабилитологы Дәмет  Билялова айтып берді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
 
ҚР ДМ 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығына сәйкес, COVID-19 және коронавирустық пневмонияға шалдыққан пациенттер оңалту қызметтерін әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен алады.

Тыныс алуды қалпына келтіруге, асқынулардың дамуын азайтуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және мазасыздық пен депрессия белгілерін жеңілдетуге бағытталған қалпына келтіру шаралар кешені ауруханаға жатқызу кезеңінде басталады.

- Мысалы, 1956 жылы туған зейнеткер коронавирустық инфекцияның өршуі кезеңінде өкпе зақымдануының жоғары пайызымен вирустық пневмонияға шалдыққан. Аурудың салдары: қалыпты физикалық күш салу кезінде ентігу, тез шаршау. Сондықтан пульмонологтың ұсынысы бойынша өмірлік функцияларды жақсарту үшін оңалту қажет болды. Әрбір пациент үшін оңалту курсы пациент ағзасының ерекшеліктерін, оның қосалқы ауруларының болуын, жасын және т. б. ескере отырып, жеке-дере таңдалады, - дейді Дәмет  Билялова.

Дәрігер-реабилитологтың айтуынша, МӘМС шеңберінде сақтандыру мәртебесінің арқасында пациент емхананың оңалту бөлімшесінде тегін медициналық оңалтудан өткен.  Емдеу аяқталғаннан кейін, 9 күн өткен соң науқастың жалпы әл-ауқаты жақсарған: ентігу азайып, сатурация және 6 минуттық жүру сынағы жоғарылаған. Спирография нәтижелері бойынша пациентті шығару кезінде өкпенің сыйымдылығының көрсеткіші 97%-ға дейін, мәжбүрлі дем шығару көлемі 100%-ға дейін ұлғайған.

Павлодар облысы бойынша «МӘМС» КЕАҚ директоры Нұрлан  Қасымов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында әрбір пациенттің мамандандырылған медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ол үшін сақтандырылып, емханаға тіркелу қажет.

Айта кетерлігі, 2020 жылдың қараша айында №3 емханада МӘМС аясында барлығы 19 пациент оңалтудан өткен. Оның ішінде 10 адам COVID–19, 9 адам коронавирустық пневмониямен ауырған.  



Фото: Константин Шелков