
ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында егін жинау науқанының барысымен, суармалы егіншілікті, мал шаруашылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі Асайын Байхановпен бірге өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, диқандармен кездесті.
Министр облыста егін жинау жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 595,8 мың га егіс алқабы немесе 75,5% жиналды. 429,7 мың тонна картоп, 125,1 мың тонна көкөніс, 51 мың тонна бақша дақылдары және 8,9 мың тонна майлы дақылдар жиналды.
Заманауи сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Набережное ауылында желдету және салқындату жүйелерімен жабдықталған «Andas Agro» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасын қарады. «Болаттар» шаруа қожалығында министр картоп жинау жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық биыл алғаш рет картоп өсірумен айналысып, гектарынан орта есеппен 50 центнер өнім алған.
Успен ауданында өңірдегі ірі көпсалалы шаруашылықтардың бірі - «Галицкое» ЖШС-не барды. Кәсіпорын өсімдік шаруашылығын, жемшөп өндірісін, сүтті мал шаруашылығын, өнімді өңдеу және дайын өнім шығаруды қамтитын толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істейді.
Үш сүт-тауар фермасындағы ірі қара малдың жалпы саны 4,7 мың бастан асады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 11 тоннаға дейін тартылған сиыр еті мен 4 тонна консервіленген ет өндіруге, сондай-ақ тәулігіне 3,6 тоннаға дейін күнбағыс өңдеуге мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында «Галицкое» жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобалар 459 га аумақты суармалы егіс алқабына айналдыруды және қуаттылығы 7,5 мың тонна болатын картоп-көкөніс қоймасын салуды көздейді.
Сапар соңында Айдарбек Сапаров пен Асайын Байханов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Кездесу барысында егін жинау науқанының барысы, мемлекеттік қолдау шаралары, мал шаруашылығын дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешенінде оң динамика байқалып отырғаны атап өтілді. Алдағы жұмыстың негізгі бағыттары ретінде суармалы жерлерді тиімді пайдалану, өндіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеуді дамыту айқындалды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев