
Өңір басшысы Майқайың кентіндегі негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ Баянауылдың туристік аймағының даму деңгейін тексерді.
Алдымен Майқайың кентін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз қазандықтың жұмысымен танысты. Бүгінде қазандық 143,5 мың шаршы метр аумақты жылытады. Алайда жеке сектордың едәуір бөлігі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Техникалық аудит коммуналдық желілердің де айтарлықтай тозғанын көрсетті.
Мәселені шешу үшін облыс әкімдігі былтыр тамыз айында «Алтыналмас» АҚ-мен 4,6 млрд теңгеге меморандумға қол қойып, Майқайыңды дамытудың үш жылдық жоспарын бекітті. Инвестор қазандықты жаңғырту жұмыстарын жүргізуді, ал облыс коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуды өз міндетіне алды.
- Майқайың бойынша біз қордаланған мәселелерді кешенді түрде шешу жолын таңдадық. Ондаған жыл бойы кенттегі 10 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты шешім табылмады. Инвесторды тарту бірнеше жыл бойы кейінге шегеріліп келген жобаларды іске қосуға мүмкіндік берді, - деді Асайын Байханов.
Қазандық жылу беру маусымына толық дайын. Келесі жылы мұнда екі жаңа су жылыту қазандығы орнатылады, ал 2027 жылдың күзінде жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл жеке сектордағы мыңнан астам жаңа абонентті орталықтандырылған жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылу желілері тартылып жатыр.
Облыс Майқайың кентіндегі қоқыс мәселесін шешуді де қолға алды. Қазан айының соңына дейін кентке арнайы қоқыс шығаратын көліктер мен 200 жаңа контейнер жеткізіледі. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Өңір басшысы коммуналдық қызметтер арасында жауапкершілікті бір-біріне сілтеуге жол бермей, қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруды тапсырды.
Кенттегі тағы бір көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе - тозығы жеткен кәріз жүйесі. Жоба қолданыстағы 12,5 км коллекторды санациялауды, жаңа учаскелерді, бұру коллекторын салуды және тазарту жүйесін жаңартуды көздейді. Облыс әкімі жобаны кейінге қалдырмай, жұмыстарды 2026 жылы бастап, 2027 жылы аяқтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда облыс жобаны өз қаражаты есебінен қаржыландыратын болады.
Майқайыңда алғаш рет жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бой көтеруде. Желтоқсан айында ауданы 1,8 мың шаршы метр, құны 2,3 млрд теңге болатын жаңа балалар өнер мектебін ашу жоспарланып отыр. 1970 жылы салынған ескі ғимарат апатты жағдайда болған. Жаңа мектеп мәжіліс залы, музыкалық аспаптар, жиһаз және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үй қоры да белсенді жаңартылуда. Қазан айында кентте 36 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Баянауылда да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қараша айында 57 пәтерлі үш төрт қабатты тұрғын үйді аяқтау жоспарланған. Жалпы, Баянауыл ауданы облыстың ауылдық аудандары арасында тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша көш бастап тұр. Қазірдің өзінде мұнда 3 645 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Баянауылда өңір басшысы туристік инфрақұрылымның даму барысын тексерді. Бір жыл ішінде облыстағы ішкі туристік ағын 26%-ға, сырттан келушілер ағыны 18,1%-ға өсті. Нөмірлік қор 6,2%-ға, орналастыру орындарының саны 8%-ға артты.
Жасыбай көлінде құны 1,1 млрд теңгеден астам қаржыға орталық жағажай жаңартылды. Мұнда көлеңкелі шатырлар, шезлонгтар, жуыну кабиналары, тамақтану аймақтары, жаяу жүргіншілер жолдары, балалар және спорт алаңдары, футбол және волейбол алаңдары пайда болды.
Соңғы уақытта курорттық аймақта «Сарыарқа сыры» визит-орталығы, Сабындыкөл жағалауы және панорамалық бақылау алаңы сияқты нысандар да іске қосылды. Жеке инвесторлар «Березовая роща» қонақүйі мен «Пегас» жанармай құю станциясын салды.
Келесі ірі жоба - Торайғыр көлінің жағажайын абаттандыру. Оны іске асыруға 2027 жылға 867,9 млн теңге қарастырылған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов қазандық пен жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын өзара үйлестіруді, кәріз жүйесін жаңарту жұмыстарын жеделдетуді және қалдықтарды басқарудың толыққанды жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ туризмді дамытуға бағытталған барлық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев