
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барып, күзгі дала жұмыстарының барысымен танысты және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесті.
Павлодар облысы еліміз бойынша қарақұмық өсіруден көш бастап отыр. Республикада өндірілетін қарақұмықтың шамамен 64%-ы облыстың үлесіне тиеді. Шарбақты ауданы дәстүрлі түрде қарақұмық пен күнбағыс өсіруге маманданған. Мұнда майлы дақылдардың алқабы 92 мың га құрайды.
Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың мәліметінше, биыл ауданда 212,7 мың га алқаптан өнім жинау жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық. Егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүріп жатыр, орташа өнімділік гектарына шамамен 9 центнерді құрайды. Сонымен қатар шаруашылықтар мал шаруашылығына қажетті жемшөп дайындауда. Жанар-жағармай мәселесі жоқ: ауданға 92 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл жалпы сомасы 1,462 млрд теңгеге 12 өтінім мақұлданды.
«Турбин» шаруа қожалығында өңір басшысы күнбағыс пен қарақұмық жинау барысымен танысты. Шаруа қожалығының басшысы Владимир Турбиннің айтуынша, тыңайтқыштарды уақтылы енгізу өнімді сақтап қалуға мүмкіндік берген. Шаруашылықта сегіз астық жинайтын комбайн бар, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» арқылы екі трактор лизингке алынған. Кәсіпорын жергілікті колледжбен де ынтымақтастық орнатып, аграрлық салаға жас мамандарды тартуда.
«Апакидзе» шаруа қожалығында облыс әкімі егін жинау жұмыстарының барысын көрді. Шаруашылық 5,2 мың га жерді өңдеп, бидай мен күнбағыс өсіруде. Қазірдің өзінде 1,6 мың га астам егіс алқабынан бидай жиналды. Кәсіпорынның өз техникалық базасы бар.
«Амид» шаруа қожалығындағы 3 493 га егіс алқабының барлығы ауыл шаруашылығы айналымында. Мұнда төрт түрлі дақыл өсіріледі. 683 га алқаптағы бидайды жинау жұмыстары аяқталды. Дәнді дақылдар жиналғаннан кейін алқаптар келесі жылғы майлы дақылдарды егуге дайындалады. Шаруашылық тыңайтқыштардың тиімділігін өздері сынақтан өткізуде. Майлы дақылдар 1 928 га алқапты алып жатыр. Үшінші жыл қатарынан егістіктерді тозаңдандыру үшін аралар пайдаланылуда. Шаруа қожалығы басшысының бағалауынша, бұл өнімді шамамен 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
- Бүгінде ауыл шаруашылығында техниканы ғана емес, технологияны да тиімді пайдаланатын шаруашылық ұтады. Әр гектардың қандай нәтиже беретінін, өнімділікті қай жерде арттыруға болатынын және шығынды қалай азайту керектігін нақты түсіну қажет. Шаруашылықтың экономикалық тиімділігі осыған тікелей байланысты, - деді Асайын Байханов.
Жұмыс сапары барысындағы негізгі нысандардың бірі 38,7 мың га жерді өңдейтін «Победа» ЖШС болды. Мұнда дәнді дақылдар мен жүгері жинау жұмыстары аяқталды, қазір кеш пісетін дақылдарды жинау жалғасуда. Облыс әкімі кәсіпорынның астық қабылдау кешенін аралап көрді. Мұнда 11 астық қоймасы, екі астық кептіргіш, фотосепаратор және алты астық тазалау машинасы жұмыс істейді. Кәсіпорын бір мезетте 50 мың тоннаға дейін астық сақтай алады.
Асайын Байханов аграрлық сектордағы ұрпақтар сабақтастығына да ерекше назар аударды. «Победа» ЖШС-ін ауыл шаруашылығының ардагері Александр Поляков құрған. Бүгінде әке ісін оның ұлы Владимир жалғастырып келеді.
- Ауыл шаруашылығында ұрпақтар сабақтастығының маңызы ерекше. Мұнда жерді сезіну, оның ерекшелігін түсіну және әрбір өнімнің қадірін білу қажет. Әке ісін ұлы жалғастырған кезде ұрпақтан ұрпаққа тек технология ғана емес, жерге деген көзқарас та беріледі, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Ауданға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы егін жинау науқанын шығынға жол бермей, уақтылы аяқтауды және келесі маусымға қазірден бастап дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев