Железин ауданында 36 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды

Железин ауданында 36 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды

Тұрғындарға көптен күткен жаңа пәтерлердің кілтін өңір басшысы Асайын Байханов табыстады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойып отырған басты міндеттерінің бірі - азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Араларыңызда он жылдан астам уақыт кезекте тұрғандар бар. Сабырлық танытып, түсіністік білдіргендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз жыл сайын шамамен бір жарым мың пәтерді пайдалануға береміз, былтыр бұл көрсеткіш екі мыңға жуықтады. Ал келесі жылы тұрғын үй құрылысының көлемін екі есеге жуық арттырамыз, - деді облыс әкімі.

Жаңа екі қабатты тұрғын үйге халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар қоныстанады. Динара Сұлтанова үшін бұл күн ерекше көптен күткен қуанышты сәт болды.

- Жаңа үйдің кілтін алғаныма өте қуаныштымын әрі алғысым шексіз. Осы күнге дейін сене алмадым. Енді «Бұл - біздің үйіміз» деп айта аламын, - деді ол.

Павлодар облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 166 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі де шамамен 30%-ға өсті. Бұл көрсеткіштердің артында нақты отбасылар мен жаңа баспаналар тұр. Павлодар қаласында шамамен 88 мың шаршы метр, Екібастұз қаласында - 35,5 мың, Ақсу қаласында - 21,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Аудандар арасында Баянауыл ауданы - 3 645 шаршы метр, Ертіс ауданы - 3 151, Тереңкөл ауданы - 3 067, Май ауданы - 2 830 және Ақтоғай ауданы - 2 493 шаршы метр көрсеткішпен көш бастап тұр.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев