Павлодар облысы жылу желілерін жөндеу бойынша рекордтық көрсеткішпен жылу беру маусымына кіреді

Павлодар облысы жылу желілерін жөндеу бойынша рекордтық көрсеткішпен жылу беру маусымына кіреді

Аппараттық жиналыста облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің алдағы жылу беру маусымына дайындығын жан-жақты қарады. Жиналыста жылу электр орталықтары мен жылу желілерінің жай-күйінен бастап, вакциналау және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстарына дейінгі мәселелер талқыланды.

Биыл облыста 48,9 км жылу желісі жөнделді. Бұл - соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш және 2022 жылғы деңгейден 4 еседен астам жоғары. Жылумен жабдықтау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Павлодар қаласында ЖМ-20А жылу магистралінің құрылысы, сондай-ақ Екібастұз және Ақсу қалаларындағы жеті магистральді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 900-ден астам көппәтерлі тұрғын үйді жылумен жабдықтаудың сенімділігі артты. Технологиялық ақаулар саны 4 еседен астам азайып, ыстық суды өшіру ұзақтығы бір айға дейін қысқартылды. Бүгінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары ыстық сумен қамтамасыз етілген. Көппәтерлі тұрғын үй қорының дайындық деңгейі 98%-ды, әлеуметтік нысандардың дайындығы 100%-ды құрайды. Бюджеттік ұйымдарға 180 мың тонна көмір жеткізілді.

Ауа райының болжамын ескере отырып, әлеуметтік нысандарда жылу беру маусымын 14 қыркүйектен, көппәтерлі тұрғын үйлерде 28 қыркүйек пен 15 қазан аралығында кезең-кезеңімен, ал жеке секторда 15-25 қазан аралығында бастау ұсынылды. Облыс әкімі Ақсу мен Екібастұз қалаларына Павлодардың жылу желілерін кезең-кезеңімен толтыру тәжірибесін қолдануды тапсырды. Бұл жылу жүйелерін гидравликалық реттеуге, инфрақұрылымды біртіндеп жылытуға және жылу берілген кезде жылу желілеріне түсетін жүктеменің күрт артуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Электр желілерінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл алғаш рет үш қаржыландыру көзі тартылды. Жалпы алғанда, энергия беруші компаниялардың инвестициялық бағдарламалары, бюджет қаражаты және Ұлттық жоба есебінен 7,4 млрд теңгеге 232,4 км электр желісін қайта жаңғырту және жаңарту көзделген. Сонымен қатар 2 393 км электр желісі мен 790 бірлік жабдық ағымдағы жөндеумен қамтылды. Жоспарлы жұмыстардың орындалуы 90%-дан асты.

Жиналыста барлық жылу электр орталықтарының дайындығына ерекше назар аударылды. Өңір басшысы «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның №1 жылу электр орталығындағы екі қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімдерін және олардың станцияның жалпы жүктемесіне әсерін бағалауды сұрады. Павлодар қаласының әкіміне 1-ЖЭО орталығына жеке барып, қазандықтардың дайындығын тексеру тапсырылды.

- Біздің міндетіміз - жылумен сенімді қамтамасыз ету және жылу беру кезеңіндегі апаттық жағдайларды барынша азайту. Әсіресе жылуды қауіпсіз іске қосуды қамтамасыз етіп, желілерде орын алуы мүмкін апаттық жағдайларды ерекше бақылауға алу маңызды, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Жиналыстың жеке бөлімі денсаулық сақтау жүйесін эпидемиологиялық маусымға дайындауға арналды. 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакциналау басталады. Стационарларда 375 төсек-орын дайындалып, қажетті дәрілік препараттардың қоры жасақталды. Халықтың 10% вакцинамен қамту жоспарлануда.

Сондай-ақ өңір басшысы салқын ауа-райы басталғанға дейін елді мекендердің аумақтарын ретке келтіруді тапсырды. Осы мақсатта облыста 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында «Таза Қазақстан» абаттандыру айлығы өтеді. Облыстық сенбілік 19 қыркүйекке жоспарланған.

Асайын Байханов «Таза Қазақстан» акциясы елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша тұрақты жүргізілетін жұмыстың бір бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Өңір басшысы жауапты қызметтерге алдын ала жұмыс жүргізіп, жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға жылуды қосу кестесі мен кезеңдері туралы уақтылы ақпарат беру міндеті қойылды. Жақын арада Асайын Байханов жылу беру маусымына қатысты тікелей эфир өткізуді жоспарлап отыр.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев