
Биыл диқандардың алдында 318 мың га егіс алқабынан өнім жинау міндеті тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың га артық. Бүгінгі таңда 101,1 мың га дәнді дақыл орылып, 85,3 мың тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын алдағы он күн ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Майлы дақылдарды жинау науқаны енді басталды және өнімділігі 12-13 ц/га құрайды деп болжануда. Соңғы жылдары майлы дақылдардың егіс алқаптары дәнді дақылдардан асып, орта есеппен жыл сайын 5-6%-ға ұлғайып келеді.
- Біз ауыл шаруашылығы өнімдеріне сыртқы нарықтардағы сұраныс артып отырған жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан егіс алқаптарын әртараптандыру қажет. Күнбағыспен қатар рапс пен зығыр өсіруді дамыту маңызды. Экспорттық нарықтарда сұранысқа ие әрі шаруашылықтарға қосымша экономикалық тиімділік әкелетін дақылдарға басымдық берген жөн, - деді Асайын Байханов.
Егін жинау науқанына 299 комбайн және 200-ге жуық трактор жұмылдырылған. «Кең Дала» бағдарламасы аясында 57 шаруашылық жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге несие алып, 61 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 4 581 тонна жанар-жағармай бөлінді. Сондай-ақ шаруашылықтар минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспарын да орындады.
Облыс әкімі суармалы егіншілікпен айналысатын «Өркен-ПВ» шаруашылығына барды. Мұнда картоп, бидай және қыша өсіріледі. Суармалы алқаптарда бидайдың өнімділігі 40-50 ц/га дейін жетеді. «Джанаргалиев» шаруа қожалығында облыс әкімі асыл тұқымды мал шаруашылығының даму барысымен танысты. Шаруашылық қазақтың ақбас тұқымды 600 бас ірі қара малын және алтай тұқымды 130 жылқы өсіріп отыр.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында инфрақұрылым нысандары да қаралды. Аудан орталығында қуаты 4,4 МВт, құны 83,5 млн теңге болатын блок-модульді қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. Ол екі көппәтерлі тұрғын үй мен 25 жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Песчаное ауылында құны 671 млн теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 90%-ға орындалды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі егін жинау науқанын белгіленген мерзімде аяқтауды, егіс алқаптарын әртараптандыруды және суармалы егіншілікті дамытуды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ жауапты қызметтерге әлеуметтік және коммуналдық нысандардың құрылысын уақытылы аяқтауды қамтамасыз ету міндеттелді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев