
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар қаласын аралап, қалалық инфрақұрылым, өнеркәсіп және көлік салаларындағы негізгі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапары аясындағы алғашқы нысан Ломов көшесі, 140/1 мекенжайы бойынша орналасқан учаске болды. Мұнда бұрынғы «Батыр» стадионының орнында өңірлік инклюзивті спорт орталығын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта нысанның аумағында қазаншұңқыр қазу жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Жаңа спорт кешенінде әмбебап спорт залдары, ұзындығы 25 метрлік бассейн, жаттығу залдары мен пауэрлифтингке арналған аймақтар, жекпе-жек және үстел ойындары залдары, сондай-ақ бейімдеу және оңалту тренажерлері орналасады. Жоба қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімі ерекше қажеттіліктері бар жандардың нысанға қолжетімділігі мен жайлы болуына қажетті барлық жағдайды қарастыруды тапсырды.
Одан кейін өңір басшысы Лермонтов көшесі бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру жұмыстарының барысымен танысты. Жалпы 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жоспарланған. Қазіргі уақытта 10 үйде жұмыстар жүргізілуде. Оларды 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген.
Облыс әкімі бұл жұмыстардың тек жай ғана өзгеріспен шектелмейтінін атап өтті. Тұрғын үйлердің қасбеттері барлық жағынан - көше жағынан да, аула жағынан да жаңартылады.
- Қаладағы негізгі жолдардың барлығын дерлік ретке келтірдік. Жаяу серуендеуге арналған демалыс орындарын жасаудамыз. Енді Павлодардың сыртқы келбетіне, ең алдымен, ескі тұрғын үй қорына баса назар аударуымыз қажет. Біз үйлердің қасбеттерін бояудан біртіндеп бас тартудамыз. Заманауи қаптау материалдары ұзаққа шыдайды және қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Асайын Байханов.
Алдағы уақытта осындай тәсілді қаланың басқа да негізгі магистральдық көшелерінде қолдану жоспарлануда.
Өңір басшысы қасбеттерді безендіруде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуді, пайдаланылатын материалдардың сапасына және сәулеттік шешімдердің сақталуына бақылау жасауды тапсырды.
Орталық өнеркәсіптік аймақта Асайын Байханов «Ecoil» ЖШС-нің майлау материалдарын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 15 мың тонна өнім өндіруге жетеді. 200 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Болашақта компания өндіріс көлемін ұлғайтып, бүкіл Қазақстан бойынша тұтынушыларды техникалық майлармен қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Павлодар ауылында өңір басшысы көше жолдарын күрделі жөндеу нәтижелерімен танысты. Мұндағы жолдардың жалпы ұзындығы 69 км құрайды, оның ішінде асфальт төселгені небәрі 28,6 км болған. 2026 жылы 30 көшедегі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, асфальт төселді. Жұмыстар төрт кезеңде жүргізіліп, жалпы 13,5 км жол жаңартылды.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың айтуынша, бұл соңғы үш онжылдықтағы ауылдың жол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі.
Жұмыс сапары Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыс алаңында аяқталды. Жаңа нысанды салумен қатар, ескі көпірді сақтап қалу және оны қоғамдық кеңістікке бейімдеу мәселесі де қарастырылуда. Осы мақсатта қолданыстағы құрылымның техникалық жағдайы зерттеліп жатыр. Зерттеуді 2026 жылғы қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
- Егер техникалық жағдайы мүмкіндік берсе, көпірді қалалық ортаның бір бөлігі ретінде сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл адамдардың демалуына арналған, жаяу жүргіншілер аймағы, орындықтар және көгалдандыру элементтері бар жақсы орынға айналуы мүмкін. Осы нұсқаны жан-жақты есептеп, оның экономикалық тиімділігін көпірді бұзу шығындарымен салыстыру қажет, - деді облыс әкімі.
Сараптамалық қорытынды оң болып, жобаны іске асыру мүмкіндігі расталған жағдайда, ескі көпірді бейімдеу жұмыстары 2027 жылы жүргізілетін болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев