Облыс әкімі жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жасаған жұмыс сапары аясында инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен, қаланы абаттандыру жұмыстарымен, тұрғын үй құрылысының барысымен және нысандардың алдағы жылу беру маусымына дайындығымен танысты.

Сапар барысындағы алғашқы нысан - «Горводоканал» МКК су тазарту құрылыстарындағы №1 сорғы станциясы болды. Оны қайта жаңғырту жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы («ЭКСЖ») аясында жүзеге асырылады. Жобаны іске асыру қаланы сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Одан кейін өңір басшысы Мәрденов көшесі, №11 тұрғын үйінің ауласын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл қалада 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта 10 алаңның құрылысы аяқталып, қалған нысандарда тартан жабынын төсеу және шағын сәулет нысандарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар 7 стрит-воркаут және 3 стритбол алаңы, сондай-ақ 20 футбол алаңы салынуда. Автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Жоспарланған 465 мың шаршы метр аумақтың 300 мың шаршы метрден астамына асфальтбетон жабыны төселді. Бұдан бөлек, 20 білім беру нысанының аумақтарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жеке сектордағы жолдардың жабыны жаңартылуда.

Асайын Байханов қала инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кешенді түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
- Әрбір аула, әрбір спорт алаңы және жөнделген әрбір жол учаскесі сапалы, қауіпсіз әрі тұрғындарға қолайлы болуы керек. Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде, сапалы орындалуы қажет, - деді өңір басшысы.

Жұмыс сапары барысында алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі «ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ЖМ-10 және ЖМ-11 жылу магистральдарын қайта жаңғырту жобаларының іске асырылу барысымен танысты.
Екібастұз қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 468,2 км, ал тозу деңгейі 78,3% құрайды. Жылу желілері кешенін кезең-кезеңімен жаңғырту негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. 2023 жылдан бастап, биылғы жобаларды ескеретін болсақ, қалада 18,5 км магистральдық жылу желісі қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар 152,1 км құбырға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Тек 2026 жылдың өзінде жалпы ұзындығы 4,2 км болатын 4 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Асайын Байханов құрылыс және жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатаң бақылау жасауды тапсырды.
- Жылу беру маусымына дайындық - басым бағыттардың бірі. Тұрғындар сенімді жылу және сумен қамтамасыз етілуі үшін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудың барлық жобалары уақтылы аяқталуы тиіс. Жұмыстардың кестесі мен сапасының сақталуына мердігер ұйымдармен қатар тапсырыс берушілер де бірдей жауапты, - деп атап өтті облыс әкімі.

Жұмыс сапары Бұқар Жырау және Целинная көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына барумен аяқталды. 60 пәтерлі тұрғын үйдің жалпы аумағы 4,7 мың шаршы метрден асады. Қазіргі уақытта нысанның шатырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы құрылыс барысын, нысанды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуын және орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі «Отбасы банк» арқылы тұрғын үйді бөлу жүйесіне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, бұл үдерісті жеделдету мәселесін пысықтауды тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев