
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіповтың мәліметінше, Павлодар облысында 345 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 336 ауыл (97,3%) ұялы байланыспен, 344 ауыл (99,7%) интернетпен қамтылған. Қазіргі таңда 9 елді мекен ұялы байланыссыз қалып отыр, ал интернетке тек Баянауыл ауданының Ақши ауылы ғана қосылмаған.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында өңірде талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Жоба 207 ауылдық елді мекенді қамтиды: оның ішінде 137 ауыл 2026 жылы, ал 66 ауыл 2027 жылы қосылады. Бүгінгі таңда Шарбақты ауданындағы 6 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы аяқталып, Баянауыл ауданының Ақши және Ұзынбұлақ ауылдарында жұмыстар басталды.
Ұялы байланыс желісін дамыту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы Успен ауданының Богатырь және Белоусовка, Аққулы ауданының Жамбыл, Ақсу қаласына қарасты Айнакөл және Павлодар ауданының Қаракөл ауылдары 4G желісімен қамтамасыз етілді. Қараағаш, Қызылқақ, Сілеті, Шабар және Сынтас ауылдарында антенна-мачталық құрылымы салынды. Beeline байланыс операторы қажетті жабдықтарды орнатқаннан кейін тұрғындар 4G LTE желісіне қол жеткізетін болады.
Сонымен қатар, облыстың халқы аз 13 ауылында қолжетімді қоғамдық Wi-Fі нүктелері бар OneWeb спутниктік интернеті жұмыс істеп тұр. Ал өңірдегі барлық 128 ауыл мектебі талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылу және Starlink жабдықтарын орнату арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Инвестициялық жоба аясында республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында 12 антенна-мачталық құрылымдарын салу жоспарланған. Бұл автожолдардағы және оған іргелес орналасқан елді мекендердегі ұялы байланыс сапасын айтарлықтай жақсартады.
Жиналыс барысында өңір басшысы Май ауданындағы Саты және Успен ауданындағы Таволжан ауылдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету мерзімдерінің ұзаққа созылып кеткеніне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар антенна-мачталық құрылымдарын салып қойған Қызылқақ, Сілеті, Қараағаш, Шабар, Сахновка және Балтасап ауылдарында 4G LTE желісін іске қосу мерзіміне баса назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша Асайын Байханов цифрлық технологиялар басқармасына «Транстелеком» АҚ-мен және қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін қалған нысандар бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды, аукцион рәсімдерін өткізуді және антенна-мачталық құрылымдарын салу жұмыстарын уақытылы бастауды тапсырды.
Сондай-ақ 31 тамызға дейін «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС байланыс операторларымен бірлесіп, халқы аз ауылдарды ұялы байланыспен қамтамасыз ету тетігін айқындау, биыл және келесі жылы қосылатын елді мекендердің тізімін бекіту, сондай-ақ іске асырудың нақты мерзімдерін белгілеу тапсырылды.
«Мобайл Телеком-Сервис» компаниясына 20 тамызға дейін Саты және Таволжан ауылдарын желіге қосуға дайындық жұмыстарын аяқтау, ал «Кар-Тел» компаниясына Қызылқақ, Сілеті, Қараағаш, Шабар, Сахновка және Балтасап ауылдарында 4G желісін іске қосу тапсырылды.
Құрылыс нысандарының сапасына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселесі бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қазбек Арантаев баяндады.
Есепті кезеңде 63 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 85 хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 36,6 млн теңгені құрады. Ең жиі анықталған бұзушылықтар қатарында құрылыс-монтаж жұмыстарын хабарлама жібермей жүргізу, жобалық құжаттаманың және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болмауы, сондай-ақ құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталмауы бар.
Сот шешімімен Павлодар қаласында өз бетінше салынған екі нысан сүрілуге жатады. Прокуратураның ұсынысы негізінде құрылыс, жобалау және инженерлік ізденіс қызметімен айналысатын 52 лицензиат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6,4 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, 20 лицензияның қолданылуы тоқтатылды.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа құрылыс кодексін іске асыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Құжатта E-Qurylys ақпараттық жүйесі арқылы құрылыс саласын цифрландыру, техникалық қадағалау тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарына күнделікті міндетті бақылау жүргізу, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын барлық жобаларға мемлекеттік сараптама жасау, нысандарды пайдалануға беру алдында құрылыс сапасы туралы қорытындыларды келісу, сондай-ақ пайдалануға берілетін әрбір нысанға мемлекеттік құрылыс инспекторларының міндетті түрде барып, тексеруі көзделген.
Асайын Байханов бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес келмейтін коммерциялық нысандар мен тұрғын үй кешендерін пайдалануға беруге жол бермеу бойынша берілген тапсырманы еске салып, орындалуын талап етті.
Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ салалық басқармалар басшыларына құрылыс-монтаж жұмыстарын жаңа құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
- Құрылыс сапасын бақылау және нысандарды уақытылы пайдалануға беру - аса маңызды міндеттер. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев