
Жиынды ашқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов денсаулық жағдайына байланысты Ақсу қаласының әкімі қызметінен кеткен Болатбек Шәріповке көпжылдық еңбегі мен қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, қалалық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімімен Ақсу қаласының әкімі лауазымына Әнуарбек Аманов тағайындалды.
Әнуарбек Дүйсембайұлы 1986 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2008 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша, ал 2020 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастады. 2009-2023 жылдары тұрғын үй инспекциясы бөлімінде қызмет атқарып, бас маманнан бөлім басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті. 2023-2024 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Жаңа басшыны таныстырған өңір басшысы қаланың алдағы дамуындағы негізгі басымдықтарды айқындады.
- Ақсу - өңірдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 17% қамтамасыз етіп отырған Павлодар облысының негізгі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Бүгінгі басты міндет - қол жеткізілген даму қарқынын сақтап қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Басым міндеттердің бірі ретінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері аталды. Атап айтқанда, қаланың жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру, су құбыры және кәріз желілерін одан әрі жаңғырту, Ақсу кентінде жылу желілерін салу, алдағы жылу беру маусымына сапалы әрі уақытылы дайындалу, сондай-ақ анықталған барлық ескертулерді жоя отырып, жаңа қалалық қазандықты іске қосу және пайдалануға беру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Алдағы екі жыл ішінде барлық аула аумақтарын ретке келтіру, негізгі көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының асфальт жабынын жаңарту, сондай-ақ жеке сектордағы барлық көшелерді толықтай асфальттау қажет. Бұдан бөлек, орталық саябақты қайта жаңғырту, жүзу бассейнінің құрылысын уақытылы аяқтау және қаланы кешенді көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.
Өңір басшысы әлеуметтік салаға да ерекше назар аударды. Денсаулық сақтау саласында медицина кадрларын тарту жұмысын күшейтіп, Ақсу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту жобасын іске асыру қажет екені айтылды. Бұдан бөлек, инклюзивті балабақша мен өзге де сұранысқа ие әлеуметтік нысандарды жобалап, құрылысын бастау міндеті жүктелді.
Жиынды қорытындылаған Асайын Байханов Ақсу қаласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, облыс әкімдігі қаланың өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
- Ақсу қаласының әлеуеті өте жоғары. Біз өз тарапымыздан барлық маңызды міндеттерді шешу үшін қажетті қолдау көрсететін боламыз. Әнуарбек Дүйсембайұлына жауапты қызметінде сәттілік пен қала халқының игілігі жолындағы еңбегіне табыс тілеймін, - деді Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев