
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов израильдік Value LBH компаниясының өкілдері Одэд Голдштейн және Йосеф Нойштадт Мильштейнмен кездесті. Компания «Павлодар» АЭА аумағында инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.
Кездесу барысында жылжымалы су тазарту кешендеріне арналған пластик және металл құрамдас бөлшектерін өндіретін өндірістік-сервистік кешен құрылысының перспективасы талқыланды.
Инвестордың мәліметінше, жобаға салынатын инвестиция көлемі 22,6 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру 2026-2031 жылдарға жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 110 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік алаңда жылжымалы су тазарту кешендеріне арналған құрамдас бөлшектер өндіріліп, инжинирингтік қызметтер көрсетіледі және жабдықтарға сервистік қызмет ұйымдастырылады. Өнімді өткізудің негізгі нарықтары Қазақстан мен Орталық Азия елдері болады.
Асайын Байханов Павлодар облысының стратегиялық инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтіп, өнеркәсіпті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында жобаны сүйемелдеу, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы мәртебесін алу және инвестициялық бастаманы іске асырудың барлық кезеңінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша салалық басқармаларға инвесторды кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ету және жобаны жедел іске асыру үшін қажетті қолдау көрсету тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев