Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Железин ауданындағы Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне және Тереңкөл ауданындағы Максим Горький орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне барып қайтты

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Железин ауданындағы Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне және Тереңкөл ауданындағы Максим Горький орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне барып қайтты

Өңір басшысына орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қаупі жоғары кезеңге дайындығы, арнайы техникамен қамтамасыз етілуі, орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жұмысы және жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары туралы баяндалды.

Орман қорына тұрақты бақылау орман өрттерін ерте анықтау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік орман қорының 46,5 мың га аумағын Үрлітүп мекемесі, ал 27,6 мың га аумағын Максим Горький мекемесі қадағалайды. Екі мекеменің қарамағында 11 өрт сөндіру автокөлігі, 33 трактор, 22 патрульдік автокөлік, 20 шағын орман өртін сөндіру кешені, 5 жүзу құралы және өзге де арнайы техникалар бар.

Биыл екі мекеменің аумағында 7 орман өрті тіркелді. Мамандардың айтуынша, өрттердің басым бөлігі адами фактордың салдарынан орын алуда. Сонымен қатар, жауын-шашынның да ұзақ уақыт болмауы өрт қаупін одан әрі күшейтіп отыр.

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы минералдандырылған жолақтар жаңартылып, жылжымалы өрт сөндіру бекеттері жұмыс істеуде. Сондай-ақ өртке қарсы ескерту тақтайшалары орнатылып, ақпараттық материалдар таратылып, тұрғындар арасында орман өрттерінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Асайын Байханов аптап ыстық пен құрғақ ауа райы жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық күш пен құралды барынша жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

- Бүгінгі басты міндет - орман қорын сенімді қорғауды қамтамасыз ету. Ол үшін тәулік бойы мониторинг жүргізіп, техниканы толық дайындықта ұстау, кез келген өрт ошағына жедел әрекет ету және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Ормандарымыздың сақталуы барлық қызметтердің үйлесімді әрі тиімді өзара іс-қимылына тікелей байланысты, – деді өңір басшысы.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі орман алқаптарын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етуді, орман шаруашылығы мекемелерінің төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын күшейтуді, сондай-ақ тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев