Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті

Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті

Павлодар облысында жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының заңды күшіне енуіне арналған арнайы басылымдарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау саласының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер қатысты.

Жиынға қатысушыларды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтады. Ол Конституция мемлекеттіліктің берік іргетасы екенін, елдің стратегиялық даму бағытын айқындайтынын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепілі болып саналатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаңа Конституция - Жаңа Қазақстанның жаңа ережелер жиынтығы» деп атап өткен болатын. Біздің басты міндетіміз - Конституцияның әрбір нормасын күнделікті өмірдің нақты қағидатына айналдыру. Әділдік негізгі заңда ғана бекітілген норма емес, қоғам өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс», - деді өңір басшысы.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуовке Президенттің құттықтау хаты мен Конституцияның арнайы басылымдары табысталды. Мемлекет басшысының құттықтау хатында Конституцияда бекітілген құндылықтар алдағы уақытта да азаматтардың әл-ауқатына және елдің орнықты дамуына қызмет ететініне сенім білдірілген.

Павлодар облысы әкімінің атынан Конституцияның арнайы басылымдары ғылым, білім, өнеркәсіп, көлік, мәдениет, энергетика, денсаулық сақтау, спорт, жастар саясаты және студенттер қауымының өкілдеріне табысталды. Марапатталғандардың қатарында өз саласында елеулі жетістіктерге жеткен ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өндіріс қызметкерлері, дәрігерлер, мәдениет саласының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер бар.

Асайын Байханов өз сөзінде жастарға ерекше тоқталып, Конституцияда айқындалған заңдылық, жауапкершілік және әділдік қағидаттарын нығайту міндеті дәл осы жас ұрпақтың еншісінде екенін атап өтті.

«Бүгін Конституцияның алғашқы арнайы басылымдарын өз еңбегімен, білімімен және белсенді азаматтық ұстанымымен Павлодар облысының дамуына үлес қосып жүрген жастарға табыстап отырмыз. Әділетті Қазақстанның болашағын құратын да - сіздер», - деді облыс әкімі.

Салтанатты рәсім ғылыми қауымдастық пен жұртшылық өкілдерінің сөз сөйлеуімен жалғасты. Іс-шара елдің негізгі заңына деген құрметтің белгісі әрі қоғамның конституциялық құндылықтарға, заң үстемдігі қағидатына және Қазақстан халқының бірлігіне адалдығының айқын көрінісі болды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев