Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар ірі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар ірі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Жұмыс сапары аясындағы алғашқы нысан 31-ші шағын аудандағы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан 140 орындық инклюзивті балабақша болды. Жоба «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС жасалған меморандум аясында, яғни демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда нысанда сыртқы инженерлік желілерді тарту, терезелерді орнату және ішкі жылу жүйесін монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қазір шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы барлық балалар үшін қолжетімді орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

- Бұл балабақша өңірдегі заманауи инклюзивті мектепке дейінгі мекемелердің алғашқысының бірі болады. Құрылыс жұмыстарының сапасына және мекемені қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет, - деді Асайын Байханов.

Одан кейін облыс әкімі Екібастұздағы ең ірі абаттандыру жобаларының бірі саналатын «Шахтер» қалалық саябағын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта мұнда құрғақ субұрқаққа арналған жабдықтарды орнату, автоматтандырылған суару жүйесін жүргізу, инженерлік желілер тарту, шағын сәулеттік нысандар орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сахна, бақылау төбешігі мен ту тұғырының құрылысы аяқталған. Бетоннан жасалған скейт-парк құрылысы жалғасуда.

- Бұл саябақ екібастұздықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс. Мұнда тұрғындардың демалуына, спортпен шұғылдануына және отбасымен уақыт өткізуіне қолайлы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы 9-шы шағын ауданда салынып жатқан бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылыс алаңында да болды. Құрылыс аяқталғаннан кейін 120 отбасы жаңа баспанаға қоныстанады.

Қазіргі таңда екі тұрғын үйде де ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

- Бүгінде Екібастұз қарқынды даму кезеңін өткеріп, ірі индустриялық орталыққа айналып келеді. Осындай жағдайда тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан тұрғын үй құрылысы басым бағыттардың бірі болып қала береді, - деді Асайын Байханов.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жобалардағы жұмыстардың белгіленген кестеге сай орындалуын қатаң бақылауда ұстап, жоспарланған мерзімдерден кешігуге жол бермеуді тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев