
Павлодар кәсіпкерлерін өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына белсенді араластыру қажет. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев Павлодар облысының ұн тартатын кәсіпорындар өз қуаттылығының 47 пайызын, жарма өңдеушілер 40 пайызын ғана қолданатындығын атап өтті.
– Өткен жылы облыста 56 мың тонна ұн өндіріліп, оның 7,2 мың тоннасы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа мемлекеттерге экспортталды, – деді басқарма басшысы. – Егер біздің кәсіпорындар жергілікті нарықтың сұранысын толық орындаса, көршілес елдерден ұн әкелу азаяр еді. Бұған қоса, Орта Азия мемлекеттерінде диірмендер саны артқан. 2016 жылы жарма өңдейтін кәсіпорындар 24 мың тонна өнім шығарып, оның 8,4 мың тоннасы экспортталған. Бұл кәсіпорындар өз қуаттылығының 40 пайызын ғана қолданады. Олардың басты мәселесі көтерме бағаға келіп тіреледі. Өкінішке орай, өлшенген жарманы саудалаумен ешкім айналыспайды. Шағын қалталарға орау тек екі кәсіпорында ғана бар.
Басқарма басшысының айтуынша, күнбағыс аз өңделеді. Күнбағыстың ауқымды егілгеніне қарамастан, 2016 жылы мың тоннадан астам ғана май шығарылды.
– Тек Качир ауданында 70 мың гектар күнбағыс егіледі, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Орташа шығымдылық гектарына 7 центнерді құрағанда шамамен 49 мың тонна күнбағыс алуға болады. Біз сонда не астықты, не жарманы, не күнбағысты өңдемейміз. Аталған жағдайда ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлік басқармасы бірлесіп Инвестициялар жөніндегі агенттікпен барынша жұмыс істеу керек.