
Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің 2026 жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына және облыстық бюджеттің орындалуына, ІІ тоқсанның болжамды көрсеткіштеріне және өзекті мәселелерге арналған жиналыс өткізді.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Павлодар облысы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Өңір инвестиция тарту саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Павлодар облысы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсу қарқыны бойынша физикалық көлем индексі 141,3%-ды құрап, республикада 1 орынға шықты. 5 ай ішінде өңір экономикасына 343 млрд теңге инвестиция тартылды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,6%-ды құрады және бұл республикалық орташа көрсеткіштен 3,1%-ға жоғары.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ электр және сумен жабдықтау салалары есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, тұрғын үй секторы мен көлік салаларында да оң динамика сақталуда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,3%-ға артып, 81,8 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20%-ға өсіп, 105 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ішкі сауда көлемі 26%-ға, көлік қызметтері көлемі 6,7%-ға ұлғайды.
Болжам бойынша, оң үрдістер бірінші жартыжылдық қорытындысында да сақталады. Инвестициялар көлемі 464 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Құрылыс саласының өсімі 10,4%-ды, ауыл шаруашылығы саласының өсімі 5,7%-ды құрайды деп болжануда.
Сонымен қатар жиналыста облыстық бюджеттің орындалу мәселелері де қаралды. 1 маусымдағы жағдай бойынша бюджет кірістері 213 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсімдер 32,9 млрд теңгеге артты. Бюджет шығыстары 98,8%-ға орындалып, 243,1 млрд теңгені құрады. Облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшылары мен қала және аудан әкімдеріне бюджет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар қаржы басқармасына бюджеттің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Жиналыста білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын алдағы жылу беру маусымына дайындау, жылу желілерін қайта жаңғырту, автокөлік жолдарын жөндеу мәселелері де жеке қаралды.
Тұрғындардың өтініштеріне ерекше назар аударылды. Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуді және көтерілген әрбір мәселе бойынша жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Жиналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі орындаушылық тәртіпке, қабылданатын шешімдердің сапасына және бақылауда тұрған барлық тапсырмалардың уақытылы орындалуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев