
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында адам денсаулығы мен өміріне араша болып жүрген жандарға арналған салтанатты шара өтті.
Облыс әкімі Асайын Байханов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін құттықтай отырып, дәрігер мамандығының қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Медицина қызметкерлері - бейбіт күннің батырлары» деп атап өткен болатын. Адам өмірі үшін күресуге бар күш-жігерін арнап, уақытпен, түнгі кезекшілікпен, мереке және демалыс күндерімен санаспай еңбек ету - нағыз ерлік, - деді облыс әкімі.
Мерекелік жиын барысында ең қиын сәттерде алғаш болып көмекке келіп, жауапты шешімдер қабылдайтын және көп жағдайда нағыз ерлік көрсететін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне ерекше алғыс айтылды. Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорғауға бағытталған заң қабылданғанын атап өтті.
Бүгінде Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесінде 7 мыңнан астам маман еңбек етуде. Өңір дәрігерлері диагностика мен емдеу әдістерін жетілдіріп, кардиология, онкология, ана мен бала денсаулығын сақтау бағыттарын дамытуда.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде 30 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, аудандық ауруханалар санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, сегіз денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 340-тан астам медициналық құрал-жабдық жаңартылды.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Асайын Байханов бірқатар медицина қызметкерлерін марапаттады. Өңірдің 38 медицина маманы облыс әкімінің Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болды.
Жоғары кәсібилігі, көпжылдық адал еңбегі және саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Павлодар облыстық қан орталығының басшысы Ардақ Күзеков «Құрмет» орденімен марапатталды. Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың хирургі Нұрлан Ордабаев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Кәсіби номинациялар жеңімпаздары да арнайы марапаттарға ие болды.
Облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Рамазанов «Павлодар облысының алтын скальпелі» номинациясының жеңімпазы атанды. «Павлодар облысының алтын фонендоскопы» номинациясында Ақсу қалалық ауруханасының неонатолог дәрігері Татьяна Литовченко жеңіске жетті. «Өмір сыйлайтын алтын қолдар» номинациясының жеңімпазы Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығының дәрігері Ирина Красильникова болды.
Сондай-ақ 2026 жылғы медицина қызметкерлері арасындағы «Үздік маман» өңірлік конкурсының жеңімпаздары анықталды. «Үздік стационар дәрігері» номинациясында Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының дәрігері Ренат Сарин жеңімпаз атанды. Ал «Павлодар облысының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік дәрігері» номинациясында «BASSK» ЖШС дәрігері Никита Фоменко үздік деп танылды.
Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігі медицина әулеттеріне арналды. Ғабдулғазизовтар әулеті денсаулық сақтау саласына 100 жылдан астам уақытын арнаған. Сахнаға осы дәрігерлер әулетінің өкілі - Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Қуат Ғабдулғазизов шақырылды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев