
Жұмыс сапары барысында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту және әлеуметтік нысандарды салу мәселелері басты назарға алынды.
Облыс орталығын аралау барысындағы негізгі нысандардың бірі Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыс алаңы болды. Нысанның жалпы ұзындығы 2,7 км құрайды, оның 691 метрі көпір өткеліне тиесілі. Жаңа көпір Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір болмақ. Бұл - бағаналы және аспалы құрылымдардың артықшылықтарын біріктіретін заманауи инженерлік нысан.
Қазіргі уақытта мұнда аралық құрылымдарды монтаждау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 392 метр құрылым орнатылды, бұл жалпы жұмыс көлемінің 58% құрайды. Сонымен қатар жер төсемін салу және жағалаудағы тіректерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін көпір еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарының біріне айналады.
Сондай-ақ өңір басшысы KSP Steel ЖШС кәсіпорнына барды. Бұған дейін зауыттың өндірістік қуаты небәрі 30% ғана жүктемемен жұмыс жасап, еңбекақы мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектері болды, өндірістік қауіпсіздік мәселелері де өзекті болған еді.
- Кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін біз жаңа инвестор тарттық. Қазіргі таңда ол өндірісті жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде оң өзгерістер байқалуда: өнім шығару көлемі артып, өндірістік процестер қалпына келтірілуде және қаржылық тұрақтылық нығайып келеді, - деді өңір басшысы.
Бүгінде KSP Steel өңірдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі болып қала береді және Орталық Азиядағы жіксіз болат құбырларын толық циклмен өндіретін жалғыз зауыт саналады. Мұнда 3,1 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл кәсіпорынға 11 млрд теңгеден астам инвестиция салынуда. Павлодар зауытының өнімі ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Өнім АҚШ, Канада және Колумбия елдеріне экспортталады. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша болат өндірісінің көлемі 116,7 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсті.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны 1200 орындық мектептің құрылыс алаңы болды. Жаңа білім беру мекемесі қазіргі уақытта оқушы орындарының тапшылығы туындап отырған қаладағы төрт мектептің (№24, №25, №42 жалпы орта білім беру мектептері және М. Әлімбаев атындағы мектеп) жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ғимараттың үшінші қабаты тұрғызылып жатыр, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде және аумағы абаттандырылуда. Нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Мұнда оқу үдерісін ұйымдастыруға қойылатын барлық заманауи талаптар ескеріледі. Құрылысты келесі оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға жобаларды іске асыру мерзімдерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және орындалып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев