Екібастұз қысқа дайындалуда: жылу инфрақұрылымын жаңғырту ерекше бақылауда

Екібастұз қысқа дайындалуда: жылу инфрақұрылымын жаңғырту ерекше бақылауда

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласының алдағы жылу беру маусымына дайындық барысымен және коммуналдық әрі жол инфрақұрылымын жөндеу жобаларының жүзеге асырылуымен танысты.

«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов баяндады.

Павлодар облысы облигациялық қаржыландыру тетігі арқылы ұлттық жобаны жүзеге асыруды бастаған еліміздегі алғашқы өңірлердің бірі болып табылады. Бүгінде 2026-2027 жылдарға арналған жалпы құны 113,5 млрд теңгеге 53 жоба қалыптастырылған.

Іске асырылып жатқан жобалар саны мен тартылған инвестициялар көлемі бойынша өңір республикада жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Биыл облыста жалпы ұзындығы 94,2 км болатын жылу және электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту мен жаңарту бойынша жалпы сомасы 21,6 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды іске асыру нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 1,6%-ға, электр желілерінің тозуы 2,6%-ға төмендеп, сумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігін арттырады және өңірдің шамамен 282 мың тұрғыны сапалы коммуналдық қызметтермен қамтылады.

Екібастұз қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 468,19 км құрайды, ал олардың тозу деңгейі 78%-дан асады. Жүйені кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында 2023 жылдан бері ауқымды жөндеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биылғы жұмыстарды қоса алғанда, 18,5 км магистральдық жылу желісі қайта жаңғыртылып, қала ішіндегі 152 км астам жылу желілері жөнделеді.

Ұлттық жоба аясында қалада жалпы ұзындығы 4,2 км болатын төрт жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Асайын Байханов ЖМ-16 жылу магистраліндегі жұмыстардың барысымен танысты. Мұнда ескі құбырлар мен темірбетон құрылымдарды алып тастау, сондай-ақ қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары атқарылуда. Осындай жұмыстар ЖМ-5 және ЖМ-10 жылу магистральдарында да жүргізілуде, ал ЖМ-11 жылу желісінде дайындық кезеңі басталды. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін ондаған көпқабатты тұрғын үйдің, әлеуметтік нысандардың және жеке сектордың жылумен қамтылу сенімділігі айтарлықтай артады.

- Екібастұз үшін тұрақты жылумен жабдықтау мәселесі сөзсіз басымдық болып қала береді. Сондықтан барлық жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ұзындығы 22,6 км болатын облыстық маңызы бар Майқайың-Екібастұз автожолын жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Жобаның құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Нысан 2025 жылдан өтпелі жоба болып табылады және автоматтандырылған өлшеу станциясын орнатуды көздейді.

Қазіргі уақытта жұмыстардың 53% орындалды: 14 км жолда ресайклинг жүргізіліп, 12 км асфальтбетон жабынының төменгі қабаты, ал 10 км жоғарғы қабаты төселген. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, 2026 жылы облыстық маңызы бар жолдарда жалпы ұзындығы 34,6 км болатын, құны 3,2 млрд теңгені құрайтын үш жөндеу жобасын іске асыру жоспарланған. Майқайың-Екібастұз учаскесінен бөлек, 581 млн теңгеге ұзындығы 7 км болатын Панфилово-Бестөбе жолына орташа жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды 2026 жылдың тамыз айында аяқтау көзделген. Сонымен қатар маусым айында құны 214 млн теңгеге Екібастұз-МАЭС-2 автожолын ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады. Жыл қорытындысы бойынша облыстық маңызы бар нормативтік жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 97% жетеді.

Қорытындылай келе, облыс әкімі мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалау қызметтерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді тапсырды.

- Әрбір нысан белгіленген мерзімде және барлық сапа талаптарын сақтай отырып аяқталуы тиіс. Бұл талап жылу инфрақұрылымына да, жол құрылысына да қатысты. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мамандарымен бірлесіп жүргізілуі қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев