Жылу желілерін жөндеуден жол қауіпсіздігіне дейін: Павлодар облысында жаз маусымының негізгі мәселелері талқыланды

Жылу желілерін жөндеуден жол қауіпсіздігіне дейін: Павлодар облысында жаз маусымының негізгі мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста алдағы жылу беру маусымына дайындық, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Жиналыс басында өңір басшысы Асайын Байханов екі мемлекеттік органның жаңа басшыларын таныстырды.

Павлодар облысы Әділет департаментінің басшысы болып Даниел Татаев тағайындалды. Ол осы лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Әділет министрлігінің құжаттарды бақылау басқармасын басқарды және әділет жүйесінде басшылық қызметтерде көп жылдық тәжірибесі бар.

Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы болып өңірлік кадр резервінің мүшесі Ердос Жүсіпов тағайындалды. Бұған дейін ол «PetroRetail» ЖШС филиалында өңірлік менеджер қызметін атқарды.

Жылу беру маусымына дайындық барысы туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов баяндады.

Өңірде дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group арасындағы келісім аясында Ақсу электр станциясының РОК-2 нысанында жалпы құны 526,5 млн теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады.

«Павлодарэнерго» АҚ-ның №2 жылу электр орталығында да оң динамика байқалады. Жөндеу науқаны көлемінің ұлғаюы нәтижесінде негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 78,5%-дан 69,6%-ға дейін төмендеп, жылу көзі жоғары тәуекел аймағынан шығарылды.

Биыл өңірде негізгі энергетикалық жабдықтардың 41 бірлігін жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта алты нысандағы жұмыстар толық аяқталды, тағы 16 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Электрмен жабдықтау желілерінде 2393 км электр тасымалдау желілері мен 790 бірлік жабдықты жөндеу көзделген. Бүгінде 454 км желі мен 160 бірлік жабдық жөнделді.

Павлодар қаласында гидравликалық сынақтар кезінде анықталған барлық 280 ақау толық жойылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің 91%-ына ыстық су берілді. Қазіргі уақытта тек квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлер ғана ыстық сусыз қалып отыр. Екібастұзда анықталған ақаулардың 50% астамы жойылды, ал қалған жұмыстар ыстық су беруге әсер етпейді. Ақсу қаласында жұмыстар толық көлемде орындалды.

Жедел әрекет ету үшін 46 жөндеу бригадасы құрылып, 26 бірлік арнайы техника дайындалды.

Сонымен қатар жылумен жабдықтау нысандарына техникалық аудит жүргізілуде. Шідерті кенті мен Железин ауданының жылумен жабдықтау жүйелерін тексеру аяқталды. Павлодар қаласындағы аудит аяқталуға жақын.

Өңірде 48,9 км жылу желілерін жөндеу жоспарланып отыр. Алдыңғы жылдары магистральдық желілердегі негізгі жұмыстар атқарылып, әбден тозығы жеткен учаскелер жаңартылған болатын. 2026 жылы ақаулардың басым бөлігі орын алған квартал ішілік желілерді ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Қаланың орталық және оңтүстік бөліктерінде екі ірі жоба жүзеге асырылуда, Назарбаев даңғылы, Ломов, Ак. Шөкин, Ак. Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп көшелері шекарасында және Усолка шағын ауданында. Бұл - қаланың квартал ішілік желілерін жүйелі жаңартудың алғашқы кезеңі.

Екібастұзда ең тозығы жеткен төрт жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ақсу қаласында Ленин және Астана көшелеріндегі жылу желілерін жаңарту жалғасып жатыр.

Жылу беру маусымына дейін 394 автономды қазандықты, 566 білім беру нысанын және 305 денсаулық сақтау нысанын дайындау қажет. Көмір тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақтандыру мақсатында салалық басқарма мен «Майкөбен-Вест» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тұрғын үй қорын дайындауға ерекше көңіл бөлінуде. Жылу беру маусымы басталғанға дейін 2526 көпқабатты тұрғын үй дайын болуы тиіс. Барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланған.

Талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы энергетикалық кәсіпорындардың басшыларына жөндеу жұмыстарының кестесін қатаң сақтауды және 15 маусымға дейін жабдықтардың апатты жағдайда өшуін азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына «Богатырь Көмір» АҚ-мен бірлесіп, 15 маусымға дейін көмір бағасына қатысты меморандумға қол қоюды тапсырды.

- Алдағы жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету қажет. 1 қазанға дейін барлық қалалар мен аудандар дайындық паспорттарын алуы тиіс. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін бюджет ұйымдарының берешегін азайту бойынша шаралар қабылдануы қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ахуалға арналды.

Жыл басынан бергі бес айдың қорытындысы бойынша өңірде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 14,4%-ға, ал көшедегі қылмыс 4,7%-ға азайған. Дегенмен Баянауыл және Павлодар аудандарында жекелеген көрсеткіштердің өсуі байқалып, өңір басшысы осы аумақтардың әкімдерінің назарын арнайы аударды.

Күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері жұмылдырылған. Халық көп жиналатын демалыс орындары мен ойын-сауық мекемелерінің маңында патрульдеу күшейтілді.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыстар саны 24,3%-ға, ал мас күйінде жасалған қылмыстар 11,8%-ға төмендеді.

Асайын Байханов жол қауіпсіздігін күшейту мәселесіне ерекше тоқталды.

- Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері 30%-ға артты. Сонымен қатар жаз мезгілінің басталуымен велосипедшілер мен мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Жыл басынан бері осындай 6 оқиға тіркеліп, оның салдарынан бір адам қаза тауып, бес адам жарақат алды. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да артып келеді, - деді өңір басшысы.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі ақпарат басқармасына мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Полиция департаментіне мопедтер мен электр самокаттарының жүргізушілері тарапынан заңнама талаптарының сақталуына бақылауды күшейту, сондай-ақ білім басқармасымен бірлесіп жазғы демалыс кезеңінде ата-аналар мен оқушылар арасында жолдағы қауіпсіз мінез-құлық қағидалары бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізу тапсырылды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев