Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарының қорытындылары және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері талқыланған селекторлық кеңес өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарының қорытындылары және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері талқыланған селекторлық кеңес өтті

Үкімет басшысы бірқатар облыс әкімдерінің көктемгі дала жұмыстарының барысы және саланың қазіргі дамуы жөніндегі есептерін тыңдады. Кеңеске облыс әкімі Асайын Байханов пен өңір диқандары қатысты.

Павлодар облысында көктемгі егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға сай оңтайлы мерзімде сәтті аяқталды. 2026 жылы егіс алқаптарының көлемі 43 мың га ұлғайып, 1,7 млн га жетті. Егіс құрылымын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылды. Тұқыммен және техникамен қамтамасыз ету деңгейі 100% құрады. Жыл басынан бері облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 845 бірлік жаңа техника сатып алды.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді және 127,2 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Егіс науқанын қолдауға 9,4 млрд теңге бағытталды. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында диқандарға жалпы сомасы 26,1 млрд теңгені құрайтын 300 несие берілді.

Павлодар облысы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту бойынша республикадағы жетекші орындардың бірін сақтап келеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында салаға 64,2 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам жоғары көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 63,6 млрд теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5% артты. Мал шаруашылығында да оң динамика сақталуда: ауыл шаруашылығы жануарларының саны орта есеппен 10% көбейді, ет өндірісі 8,7%, жұмыртқа өндірісі 5,3% өсті. Төрт ай ішінде 67,2 мың тонна сүт өндірілді.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістерді жаңғырту және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Сонымен қатар биологиялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында 4 жаңа ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттің жүйелі қолдауының, техникалық паркті жаңартудың, заманауи агротехнологияларды енгізудің және инвестицияларды белсенді тартудың арқасында Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсім көрсетіп, еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі позициясын сақтап отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов облыс әкімдеріне су үнемдеу технологияларын енгізу, мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешен үшін білікті кадрлар даярлау мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев