
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар мұнай-химия зауыты аумағында сутегі өндіру бойынша қондырғы салып жатқан «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС инвестициялық жобасының құрылыс алаңына барды.
Жобаның жалпы құны 90 млн еуродан асады. Оны Air Liquide және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бірлескен кәсіпорны жүзеге асыруда. Қондырғының өндірістік қуаты сағатына 12 500 нм³ сутегіні құрайды. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жобаның басты ерекшелігі - оның инновациялық сипаты. Air Liquide компаниясы әлемдік тәжірибеде алғаш рет FOIK (First of Its Kind) технологиясын енгізуде. Бұл технология бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндіруді көздейді. Ол жоғары тиімділігімен, зиянды шығарындылардың төмен деңгейімен ерекшеленеді және әлемде сенімді әрі сұранысқа ие технологиялардың бірі саналады. Бұл шешімді дәстүрлі түрде осындай өндірістерде қолданылатын табиғи газдың болмауына байланысты компанияның Франкфурт-на-Майне қаласындағы инженерлік орталығының мамандары әзірлеген. Осылайша, Павлодар облысы аталған технология жүзеге асырылатын Қазақстандағы ғана емес, Air Liquide компаниясының әлемдік желісіндегі алғашқы өндірістік алаңына айналады.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Өңірге барлық технологиялық жабдықтар жеткізіліп, оларды орнату жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар риформинг пеші құрастырылып, металл құрылымдары дайындалуда. Құрылыс кезеңінде шамамен 200 жұмыс орны ашылса, жоба іске қосылғаннан кейін 25 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Нысанға барған облыс әкімі жаңа өндірістің маңыздылығына тоқталды.
- Бұл жобаның стратегиялық маңызы зор. Өндірілетін сутегі қысқы дизель отынын шығаруда пайдаланылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңір экономикасына заманауи технологияларды тартуға жол ашады, - деді Асайын Байханов.
Құрылыс барысымен танысуға «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Маждай Ахметов, Air Liquide тобының өңірлік кластерінің президенті Николя Пуаро, «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС бас директоры Габриель Константин және жоба директоры Миржан Кусманов қатысты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев