Павлодар облысының әкімі өңірдің зияткер оқушыларымен кездесті

Павлодар облысының әкімі өңірдің зияткер оқушыларымен кездесті

Өңір басшысы Асайын Байханов халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері атанған дарынды оқушылармен кездесу өткізді.

Өткен оқу жылы өңір үшін аса нәтижелі болды. Павлодарлық жас өрендер түрлі деңгейдегі беделді зияткерлік жарыстарда 307 медаль жеңіп алды. Ал жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысының құрамасы «Үздік олимпиадалық команда - 2026» атанды.

Оқушыларды жетістіктерімен құттықтаған өңір басшысы жас таланттардың табыстары бүкіл облыс үшін ерекше мақтаныш екенін атап өтті.

- Cіздермен Мемлекеттік рәміздер күні жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін осы залға жиналған талантты жастар - өз Отанын шынайы сүйетін патриот ұрпақтың үздік өкілдері. Биыл облысымыз 307 медаль жеңіп алып, еліміздің көшбасшы өңірлерінің қатарына енді. Халықаралық деңгейдегі 56 марапат баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Бұл павлодарлық оқушылардың жоғары зияткерлік әлеуетінің айқын дәлелі, - деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі қазіргі әлемнің технологиялардың ықпалымен қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтіп, бүгінгі оқушылар ертеңгі жаңашыл өзгерістердің көшбасшылары болатынын айтты. Сонымен қатар адалдық, жауапкершілік және әділдік секілді құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.

Ұстаздар мен ата-аналарға да алғыс сөздер айтылды. Асайын Байханов әрбір жоғары жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, отбасының қолдауы және ұстаздардың кәсібилігі тұрғанын ерекше атап өтті.

Өңір басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.

Оқушылар облыс басшылығына көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.

- Өңірімізде мақтан тұтуға тұрарлық талантты әрі дарынды жастар өте көп. Жас дарындарға қолдау көрсету бізді одан әрі дамуға, жаңа білім алуға ынталандырады, - деді Павлодар қаласындағы ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы, ашық халықаралық олимпиаданың және биология пәні бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Ерсұлтан Қайыркен.

- Бүгін осы жерде болу - әрқайсымыз үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш. Олимпиадалардағы жеңістеріміздің артында облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін үлкен қолдау тұр. Жастардың әлеуетіне сеніп, әр таланттың ашылуына жағдай жасап отырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, - деді №8 мектеп-лицейінің оқушысы Юлия Катунина. Ол қыздар арасындағы Еуропалық олимпиаданың және республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасы мен «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының қола жүлдегері.

Өскелең ұрпаққа көрсетілген қамқорлық пен таланттардың дамуына қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс ретінде олимпиадалық құраманың атынан Асайын Байхановқа Алғыс хат табысталды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев