Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында цифрландыру саласындағы негізгі инвестициялық жоба - «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» іске асыру мәселелері бойынша көшпелі жиналыс өткізді

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында цифрландыру саласындағы негізгі инвестициялық жоба - «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» іске асыру мәселелері бойынша көшпелі жиналыс өткізді

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда және әлемдік жетекші гиперскейлерлердің қатысуымен Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің бірін құруды көздейді.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. 2027 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту және қуаттылығы 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланған. 2029-2033 жылдар аралығында келесі нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Барлық кезеңдер аяқталғаннан кейін кластердің жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетіп, оның аумағында заманауи 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы орналасады.

Негізгі оператор ретінде «Қазақтелеком» АҚ белгіленді. Жобаны жүзеге асыру үшін Павлодар облысының әкімдігімен жер мәселесі толық шешімін тапты. Жалпы аумағы 177 га болатын жер телімі бөлінді. Оның ішінде 124,4 га бірінші кезеңдегі нысандарды салуға арналған. Сонымен қатар МАЭС-1 станциясы аумағында цифрлық кластерді одан әрі кеңейту мақсатында жалпы көлемі шамамен 1300 га болатын қосымша жер учаскелері резервке қойылды.

Инженерлік қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қ.Сәтбаев атындағы каналдан су алу нүктесі анықталып, сумен жабдықтау нысандарының жобалау жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін тәуліктік су тұтыну көлемі 2300 текше метрді құрайды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажетті су көлемі қарастырылған.

Жобаның бірінші кезеңін электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 215 МВт болатын қолданыстағы қосалқы станция пайдаланылады. Бұл салынып жатқан деректерді өңдеу орталығының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар келесі кезеңдерді іске асыру үшін энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, оның ішінде қосалқы станцияның қуатын ұлғайту және қосымша трансформаторлық топтарды орнату қажет болады.

Қазіргі уақытта алаңда дайындық жұмыстары басталды. Аумақты жоспарлау, жер жұмыстары жүргізілуде және қоршау орнатылды.

Асайын Байханов жобаның Павлодар облысы үшін де, ел үшін де стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
- «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға, ірі технологиялық серіктестерді тартуға және еліміздің цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз - барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындап, туындайтын мәселелерді жедел шешу, - деді өңір басшысы.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға инженерлік желілер мен сыртқы инфрақұрылым нысандарының құрылысы бойынша жұмыстарды үйлестіруді қамтамасыз етуді, кіреберіс автокөлік жолы жобасының мемлекеттік сараптамадан өтуін жылдамдатуды және құрылыс-монтаждау жұмыстарына уақытылы кірісуді тапсырды.

Сондай-ақ жобаның келесі кезеңдерін ескере отырып, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтау және барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Жобаны іске асыру кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орны және нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту мен өңірге жоғары технологиялық инвестициялар тартудың негізгі драйверлерінің біріне айналады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев