
Облыс әкімдігінде суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері қаралды.
Күннің жылынуына байланысты өңірде суға шомылу маусымы басталып, су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 14 адам суға кетіп қаза болған, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала бар. Барлық қайғылы жағдайлар суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.
Облыста су жағасында жаппай демалуға арналған 45 орын белгіленген. Оның ішінде 29 жағажай коммуналдық және 16 жекеменшік. Қауіпсіз инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша Тереңкөл ауданы оң көрсеткіш көрсетіп отыр. Мұнда жағалау аумағы абаттандырылып, отбасылық демалысқа арналған балалар бассейні салынған. Қауіпсіздікті ұйымдастыру деңгейі Павлодар мен Ақсу қалаларында да жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, жиналыста ресми белгіленген 45 жағажайдың тек 7-інде ғана балаларға арналған аймақтар жабдықталғаны атап өтілді. Аққулы, Ақтоғай, Железин, Ертіс және Шарбақты аудандарында қауіпсіздік талаптары әлі де сақталмай отыр. Баянауыл ауданында жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында модульдік құтқару кешенін құру жоспарлануда.
Биыл төтенше жағдайлар департаменті 62 қоғамдық құтқарушыны дайындықтан өткізді және қосымша 10 штаттық құтқарушы жұмылдырылады. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 1 маусым күні Ақсу қаласында қоғамдық құтқарушылардың кезекшілігі арқасында Белая өзенінде суға батып бара жатқан екі тұрғын құтқарылды.
Өңір басшысы аудан әкімдерінің есептерін тыңдап, сондай-ақ білім басқармасының жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу жұмыстары жөніндегі мәселелерді қарады. Бұдан бөлек, полиция департаменті қабылдап жатқан шаралар, сондай-ақ Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағажайларындағы бейнебақылау жүйесін ұйымдастыру және оны Жедел басқару орталығымен интеграциялау мәселелері талқыланды.
- Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнеағындарды нақты уақыт режимінде полицияның Жедел басқару орталығына қосу қажет. Бейнетіркеу тыйым салынған орындарда спирттік ішімдіктер ішудің алдын алуға да мүмкіндік береді. Біз әрбір ресми демалыс орнында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіспіз. Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мен балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы өткен жылы жүзеге асырылған балаларды жүзуге үйрету тәжірибесінің оң нәтижесін атап өтіп, өңірлерде жаңа бассейндердің салынуын ескере отырып, бұл жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша облыстың барлық жағажайларында құтқару бекеттері мен медициналық пункттердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ суға шомылуға рұқсат етілмеген орындарға ескерту белгілерін орнату тапсырылды. Қала және аудан әкімдеріне жағажай аумақтарына автокөліктердің кіруін шектеу де жүктелді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивті орта қалыптастыру және кедергісіз инфрақұрылымды дамыту.
Өңірде шамамен 31 мың мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның 15 мыңнан астамы әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуге мұқтаж. Облыста нысандардың қолжетімділігі туралы мәліметтер орналастырылған «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталы жұмыс істейді.
2025 жылы өңір жоспарды артығымен орындап, 1163 нысанның немесе 67% қолжетімділігін қамтамасыз етті. Ал биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 1186 нысан бейімделді.
Облыс әкімі қолжетімді орта қалыптастыру өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл мақсаттарға жыл сайын бюджет қаражаты бөлінгенімен, бірқатар нысандар әлі де толық қолжетімді емес.
- Жалпы алғанда өңірдегі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Дегенмен тактильді элементтерді жөндеу және орнату, өзге де бейімдеу шаралары, сондай-ақ ауылдық жерлердегі пандустар мен автотұрақ орындарының талаптарға сәйкес келмеуі сияқты шешімін таппаған мәселелер бар. Осыған байланысты барлық әлеуметтік нысандарды 2027 жылға дейін қолжетімді орта талаптарына толық сәйкестендіру жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеп, оны аяқтауды тапсырамын, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне жыл соңына дейін шағын және орта бизнес нысандарының қолжетімділік деңгейін 100% жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ коммерциялық нысандар мен тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру кезінде қолжетімді орта талаптарының сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
- Ғимараттардағы бейімдеу элементтерінің барлығы толық көлемде жұмыс істеуі тиіс. Біз мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз қажет, - деді облыс әкімі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев