
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен ERG тобының Қазақстандағы периметрінің басшысы Кудрәт Шамиев өңірде жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында ERG өңірді дамытуға шамамен 3 млрд теңге бағыттайды. Қаражат білім беру, спорт, экология, денсаулық сақтау, абаттандыру және халықты әлеуметтік қолдау салаларындағы жобаларға жұмсалады.
Өңір басшысы Асайын Байханов ERG көптеген жылдар бойы облыстың негізгі серіктестерінің бірі болып келе жатқанын атап өтті.
- Тек соңғы үш жылдың өзінде компания өңірді дамытуға 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Ең маңыздысы - бұл бір реттік бастамалар емес, Павлодар облысы тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жүйелі жұмыс, - деп атап өтті әкім.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 3,7 млрд теңгеге жоспарланған 26 жобаның 18-і аяқталды. Ең маңызды жобалардың қатарында Ақсу қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепті күрделі жөндеу және жабдықтау, Жасыбай мен Торайғыр көлдерінің жағажайларын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, Павлодарда экстремалдық саябақ салу, Майқайың кентіндегі кәріз желілерін реконструкциялау және Железин ауылындағы жылу желілеріне техникалық аудит жүргізу бар.
ERG және облыстық басқармалармен бірлесіп, 2026 жылы 17 жобаны іске асыру бойынша жалпы сомасы 3,1 млрд теңгені құрайтын меморандум әзірленді.
Меморандум аясында Ақсу қаласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы мұнда заманауи жүзу бассейні мен жаңа қалалық саябақтың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Тек бассейн құрылысына биылдың өзінде 800 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
Сондай-ақ Ақсу қаласында Tugan Qala жобасын жүзеге асыру жалғасады. Қалалық ортаны жақсарту бойынша тұрғындардың бастамаларына ERG 130 млн теңге бөледі. Жоба жеті жылдан бері моноқалалардың тұрғындарына өз қалаларын дамытуға қатысуға, абаттандыру бойынша өз идеяларын ұсынып, жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді.
Жобалардың жеке бір бөлігі инфрақұрылымды жаңғырту мен жылу беру маусымына дайындыққа арналды. Облыс әкімдігі тұрақты жылумен қамтуды қамтамасыз ету үшін блок-модульдік қосалқы тарату станциясын орнату және шаңкөмірлі оттықтарды ауыстыру жобаларын ұсынды. Өңір басшысы мұндай маңызды жобаны қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Білім беру жүйесі мен кадр даярлау бағытына да ерекше назар аударылды. «ERG мектебі», «ERG колледждер үшін» бағдарламалары аясында оқытушылардың біліктілігін арттыру, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастыру және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу қарастырылған. Ақсу мен Павлодар колледждерінде студенттердің тәжірибелік даярлығына арналған жабдықтармен қамтылған заманауи қауіпсіздік кабинеттері ашылады.
Сонымен қатар өңірдің медициналық инфрақұрылымына қолдау көрсетіледі. Павлодар қаласындағы №1 және №3 ауруханалар үшін заманауи рентген аппараттары сатып алынады, бұл диагностика сапасы мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының өңірлерде кешенді құрылыс жүргізу үшін ландшафтық мастер-жоспарлар әзірлеу тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында компания облыс орталығының мастер-жоспарын әзірлеуге қолдау көрсетті. Бұл құжат Павлодарды кешенді дамыту мен заманауи құрылыстардың негізіне айналады.
Экологиялық бағытта ERG Павлодар ауданында екі модульдік орман өрт сөндіру станциясының құрылысын, сондай-ақ көгалдандыру жүйесін дамыту және табиғи ортаны қалпына келтіру үшін орман тәлімбағын құруды қолдады.
Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен өңірде жалпы сомасы 6,3 млрд теңгені құрайтын тағы 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қаражат Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл ауданындағы аулаларды абаттандыруға, балабақшаларды жөндеуге және шағын футбол алаңдарын орнатуға бағытталады.
Кудрәт Шамиев өңірлерді дамыту компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі болып қала беретінін атап өтті.
Компанияның мәліметінше, ERG-дің өңірлерге салған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі 321 млрд теңгеден асты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев