
Өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Тереңкөл ауданындағы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен танысты.
Аудан әкімі Азамат Манғұтовтың мәліметінше, биыл жалпы егіс алқабы 318 мың га құрайды. Жазғы егіс 254,6 мың га алқапта жүргізілді. Егіс құрылымында майлы дақылдардың үлесі басым - 133,6 мың га. Картоп пен көкөніс дақылдары толық көлемде егілді. Аудан тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен және арзандатылған дизель отынымен толық қамтамасыз етілген. «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 3,4 млрд теңгеге 45 өтінім мақұлданып, шаруашылықтардың егіс науқанына уақытылы дайындалуына мүмкіндік берілді.
Жыл басынан бері ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 4,9 млрд теңгеден астам сомаға 54 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алды. Сонымен қатар, астық кептіру кешендері мен алқаптарды химиялық өңдеуге арналған 2 бірлік техника алынды.
Ауданда егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Диқандар жергілікті климаттық жағдайға бейімделген майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтып жатыр. Соның бір мысалы - күнбағыспен қатар зығыр, сұлы және тритикале дақылдарын өсіріп жатқан «Ивановское» ЖШС. Бұл дақылдар шаруашылықтың жеке мал шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылады. Сонымен қатар, шаруашылықта жылқы шаруашылығы да дамып келеді.
Мұнда австриялық Helesun, Starfire және Sofiasol сияқты күнбағыстың гибридті сұрыптары өсіріледі. Кәсіпорында егінді жинағаннан кейін өңдеу мен сақтауға арналған заманауи инфрақұрылым, оның ішінде астық кептіру жабдықтары бар. Несие беру тетіктерінің, соның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдауы арқылы шамамен 2,5 млрд теңгеге техника сатып алынған.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу барысында егіс науқанын өткізу, техникалық паркті жаңғырту және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
- Аудан көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуде тұрақты қарқынды және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жүйелі тәсілді көрсетіп отыр. Бүгінде техника паркін жаңартудан бастап заманауи агротехнологияларды енгізуге дейінгі әрбір салынған қаражаттың тиімділігін қамтамасыз ету маңызды. Мұның бәрі - азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, - деді Асайын Байханов.
Жұмыс сапары барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Облыс әкімі А. Текенов атындағы №2 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 1969 жылы бой көтерген ғимарат 411 оқушыға арналған. Жобаның құны - 422,3 млн теңге. Жоспар бойынша ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, инженерлік желілері ауыстырылады. Жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады.
Сондай-ақ өңір басшысы Тереңкөл ауылында салынып жатқан ветеринариялық пунктке барды. Жаңа нысан қажетті коммуникациялармен және жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Оны пайдалануға беру ветеринариялық қызмет сапасын арттырып, ауданның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыс әкімі аудан тұрғындары мен көршілес аумақтарды шаруашылық және құрылыс тауарларымен қамтамасыз етіп отырған «Строй двор» Комаров ЖК жұмысымен танысты. Кәсіпорын 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов аудан әкімдігі мен салалық басқармаларға мемлекеттік қолдау шараларының тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ әлеуметтік және ветеринариялық инфрақұрылым жобаларын іске асыруды жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев