Бүгін облыс әкімдігінде қайтарылған жерлерді шаруашылықтарға беру мәселелері қаралып, сондай-ақ республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында өткен тазалық айлығының қорытындылары шығарылды

Бүгін облыс әкімдігінде қайтарылған жерлерді шаруашылықтарға беру мәселелері қаралып, сондай-ақ республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында өткен тазалық айлығының қорытындылары шығарылды

2022-2025 жылдарға арналған қайтарылған жерлерді қайта бөлу жоспары 940,6 мың га құрайды. Оның ішінде 695,1 мың га жер қайта айналымға енгізілді. 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін тағы 158,5 мың га жерді қайта бөлу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта өңірде жалпы аумағы 150 мың га жер учаскелеріне конкурстар жарияланды. 15 маусымға дейін Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Железин және Успен аудандарында 61,7 мың га жерді бөлу бойынша конкурстар өтеді. Ал 15-29 маусым аралығында Ақсу, Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар және Успен аудандарында 88,1 мың га жер учаскелерін бөлу жөніндегі конкурстар өтеді.

Ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды. Баянауыл және Успен аудандарында тұрғындардың қажеттілігі үшін 2 мың га жер резервке қойылды. Екібастұз қаласы мен Щербақты ауданында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға 5,2 мың га жер бөлінді. Сонымен қатар Ақсу мен Екібастұзда тұрғындардың қажеттілігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар үшін тағы 1,5 мың гектардан жер резервке қою жоспарлануда.

- Барлық аудандарда жайылымдық жер тапшылығы бар. Қала және аудан әкімдеріне жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 15 маусымға дейін қайтарылған жерлерді тұрғындар мен ауыл шаруашылығы қажеттілігіне беруді толық аяқтауды тапсырамын. Конкурстар өткізу кезінде заңнама талаптары қатаң сақталуы қажет. Жерлерді қайта айналымға енгізу жұмысы тұрақты бақылауда болуы тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында өткен абаттандыру және санитарлық тазалық айлығының қорытындылары болды.

Осы кезеңде облыста 60-тан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі іс-шаралардың бірі - Баянауыл ұлттық паркінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен республикалық телекөпір болды. Іс-шара жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясына арналды. 29 сәуір күні Павлодарда облыс әкімінің және «Алтын белгіге» үміткер 140 түлектің қатысуымен түлектер аллеясы отырғызылды. Осындай ағаш отырғызу науқандары облыстың барлық қала-аудандарында өтті.

Жалпы айлық шараларына 350 мыңнан астам адам және 40 мыңға жуық ұйым қатысты. Бір айдың ішінде 45 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, жол бойындағы аумақтардың және жағалау аймақтарының 1200 шақырымнан астам аумағы тазартылды. Елді мекендерде 30 мың түп көшет отырғызылды.

Павлодарда көп жылдан бері алғаш рет көшелердегі жасыл желектерді ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Апаттық жағдайдағы ағаштардың орнына ірі жапырақты жөке ағаштары отырғызылуда. Қала көшелерінің бойына 800-ден астам ағаш егілді. Сонымен қатар 1017 аула абаттандырылып, 320 балалар және спорт алаңдары қалыпқа келтірілді. 15 мың метрден астам қоршаулар мен шағын сәулеттік нысандар жөнделіп, сырланды. 28,5 км жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Биыл жоспарланған 132 балалар ойын алаңының 31-і орнатылды.

«Таза Қазақстан» тelegram-боты белсенді қолданылуда. Келіп түскен 615 өтініштің барлығы 100% орындалды.

Биыл 17 саябақ пен скверді абаттандыру, Ақсуда жаңа саябақ салу, Екібастұздағы «Шахтер» саябағын, сондай-ақ Жасыбай көлінің жағалауы мен жағажайын абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Павлодарда Эко-парк жобасының іске асырылуы басталады.

Аулаларда жайлы орта қалыптастыру мақсатында 2026 жылы 132 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: оның ішінде 50 аула Павлодарда, 50 аула Екібастұзда және 32 аула Ақсуда орналасқан. Жұмыстар аяқталғаннан кейін Павлодар мен Ақсуда балалар ойын алаңдарымен қамту көрсеткіші 100% жетеді.

Асайын Байханов елді мекендерді абаттандыру және жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті.

- Айлық аяқталғанымен, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуы қажет. Абаттандыру нәтижелері қазірдің өзінде көрініп тұр. Сонымен қатар тұрғындар аулаларды жөндеу және ағаштарды кесу мәселелері бойынша әлі де өтініш білдіруде. Бұл жұмысты күшейту қажет, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы қала және аудан әкімдерінің назарын павлодарлық кәсіпкерлердің оң тәжірибесіне аударды. Олар өз қаражаты есебінен ағаш сатып алып, отырғызып, күтім жасауда.

- Мұндай тәжірибені барлық қалалар мен аудандарға тарату қажет. Сондай-ақ көшеттерді уақытылы күтіп-баптауға және олардың жерсінуін бақылауға жауапты тұлғаларды бекіту маңызды, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Жиналыс соңында Асайын Байханов елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүйелі әрі кешенді түрде жүргізілуі тиіс екенін айтты.

Аппараттық жиналыс барысында Екібастұз қаласы маңында жер сілкінісі дүмпулері тіркелгені туралы ақпарат келіп түсті. Өңір басшысына қазіргі жағдай бойынша баяндалды.

Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдары жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіруде. Алдын ала мәліметтер бойынша жағдай тұрақты, тұрғындарға қауіп жоқ. Қала тұрғындары тарапынан зақымдар мен медициналық көмекке жүгіну факілері тіркелмеген.

Мәліметтердің келіп түсуіне қарай қосымша ақпаратты Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті ұсынады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі