Асайын Байханов: РОК-2 мен Ақсу қаласындағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс

Асайын Байханов: РОК-2 мен Ақсу қаласындағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, алдағы жылу беру маусымына дайындық, аулаларды абаттандыру және инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысындағы негізгі нысандардың бірі - «Қазхром ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының РОК-2 жылу қазандығы болды. «ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндады. Қала жылумен 6 су жылыту қазандық агрегатының 4 қазандығы арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгі отын ретінде екібастұздық «Шығыс» кенішінің көмірі пайдаланылады. 2026 жылы негізгі жабдықтың бес бірлігіне жөндеу жүргізу жоспарланған, оның ішінде №4 қазандық агрегатына орташа жөндеу, ал №1, 3, 5 және 6 қазандық агрегаттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары кіреді. Бұл мақсаттарға кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 211 млн теңге бөлінді.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша Асайын Байханов РОК-2 нысанындағы барлық жөндеу жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін аяқтауды және өндірістік жоспарларды белгіленген мерзімдерге сәйкес түзетуді тапсырды.

Одан кейін өңір басшысы қаланы абаттандыру жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің айтуынша, қалада 126 аула бар, олардың 94 немесе 74,6% абаттандырылған. Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 505,6 млн теңгеге 32 балалар ойын алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 11 алаңға негіз дайындалып, кіші сәулеттік нысандарға тапсырыс берілген. Жоба толық аяқталғаннан кейін қаладағы балалар ойын алаңдарына деген қажеттілік толық жабылады.

Сонымен қатар 5 шағын футбол алаңын орнату және 250 млн теңгеге тағы 10 спорт алаңын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ 47 млн теңгеге 10 жиынтық көше тренажерын орнату көзделген. Ақсу қаласының ауылдық аймағында жаңа балалар алаңдары Береке, Бөріктал, Суаткөл, Үштерек және Айнакөл ауылдарында орнатылады.

ERG тобының «Туған қала» жобасы аясында Ақсуда жалпы құны 100 млн теңгеге 7 инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында Эко бала-парк құру, көпфункционалды спорт алаңын салу, жолдарды абаттандыру және жаңа спорт нысандарын орнату бар.

Сапар барысында Астана көшесіндегі магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарына ерекше назар аударылды. Жобаның құны 602 млн теңге, қайта жаңартылатын учаскенің ұзындығы - 365 метр. Бүгінде 700 метр ескі желі алынып, 260 метр жаңа құбыр төселді.

Ақсу қаласындағы квартал ішіндегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы 90 км, магистральдық желілер - 25 км. Гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 23 ақау анықталған, оның ішінде 6 ақау магистральдық, 17 ақау квартал ішіндегі желілерде. 2026 жылы жылу беру маусымына дайындық аясында жалпы ұзындығы 1 км жуық 6 учаскеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, сондай-ақ 2,9 млрд теңгеден астам қаржыға Ленин және Астана көшелеріндегі жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылады.

Асайын Байханов барлық жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімдерін қатаң бақылауды тапсырды, жылу беру маусымына дайындық уақытылы аяқталуы тиіс екенін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы автокөлік жолдары мен квартал ішіндегі аумақтарды жөндеу жұмыстарымен де танысты. 2026 жылы бұл жұмыстарға 2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Жобалар аясында шұңқырларды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және квартал ішіндегі аумақтарға 47 мың шаршы метр жаңа асфальт төсеу, сондай-ақ 5 көшеде жалпы ұзындығы 7,4 км болатын орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Сапар соңында өңір басшысы жалпы ұзындығы 6,9 км болатын қысымды және өздігінен ағатын кәріз коллекторларын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңге. Қазіргі таңда желілердің едәуір бөлігі ашық әдіспен төселіп, 1,3 км құбыр санация әдісімен жасалды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, 2026 жылдың қыркүйек айының соңында толық аяқтау жоспарланып отыр.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев