
Аймақ басшысының назарында көктемгі дала жұмыстарының барысы, жол желісін дамыту және ветеринариялық нысандардың құрылысы болды.
2026 жылы ауданның жалпы егіс алқабы 216,2 мың гектарды құрады. Оның ішінде 118,6 мың га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға, 74,5 мың га майлы дақылдарға бөлінсе, тағы 22,8 мың га мал азықтық дақылдар алып жатыр.
Егіс науқанын өткізу үшін аудан шаруашылықтары дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың қажетті тұқым көлемін 100% дайындаған. Барлығы 14,2 мың тонна тұқым сатып алынды, ал алынған минералды тыңайтқыштар көлемі 13,4 мың тоннаға жетіп, жоспарланған көрсеткіштің 60% құрап отыр.
Диқандарды «Кең дала - 2» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі 1,1 млрд теңгеден асты. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отынына өтінім беріліп, ауданның қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Операторлық қызметтерді есептегенде отынның бір литрі 275 теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы техникасының дала жұмыстарына дайындығы - 100%.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «TAS AGRO TRADE» ЖШС-не барып, арпа мен күнбағыс егісінің барысымен танысты. Кәсіпорын 6,3 мың га ауыл шаруашылығы жерін өңдейді. Жыл басынан бері шаруашылыққа салынған инвестиция көлемі 43,5 млн теңгені құрады.
Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Асайын Байханов өсімдік шаруашылығын әртараптандыруды әрі қарай жалғастыру және ылғал үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігін атап өтті.
- Бүгінде диқандар үшін тек өндіріс көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар жерді пайдалану тиімділігін көтеру, ауыспалы егіс құрылымын жетілдіру, заманауи агротехнологияларды енгізу және ылғал үнемдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды, - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп көктемгі дала жұмыстарын уақытылы аяқтауды, шаруашылықтарды тыңайтқыштармен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы «НИКРОМ» ЖШС-не барып, күнбағыс егісі науқанының барысымен танысты. Шаруашылықта 6,6 мың га ауыл шаруашылығы жері және 17 бірлік техника бар. Жыл басынан бері 31,9 млн теңге инвестиция салынған.
Сонымен қатар облыс әкіміне 2026 жылға арналған ауданның автожолдарын жөндеу жобалары таныстырылды. Іске асырылып жатқан екі жылдық жобалардың қатарында Шарбақты, Жылыбұлақ және Есілбай ауылдарындағы жолдарды күрделі жөндеу, Красиловка ауылындағы жолды орташа жөндеу, Назаровка ауылының кіреберіс 3,25 км жолына ресайклинг әдісімен асфальтбетон жабынын төсей отырып күрделі жөндеу, сондай-ақ Шарбақты ауылындағы Поляков, Толстой және Тәуелсіздік көшелерінің жол жабынын жөндеу бар. Бұл мақсаттарға түрлі қаржыландыру көздерінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бірқатар нысандар бойынша жол жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта жол белгілерін орнату және жолақ салу жұмыстары жүргізілуде. Тәуелсіздік көшесіндегі жұмыстар мамыр айының үшінші онкүндігінде басталады.
Асайын Байханов жол жобаларын іске асыру кезінде жұмыстардың сапасы мен мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аудару қажет екенін баса айтты.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Шарбақты ауылындағы ветеринариялық пункттің құрылысымен де танысты. Ауданы 50 шаршы метрден асатын жаңа нысан барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталады. Жобаның құны 30 млн теңгені құрайды, құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Асайын Байханов құны 24,5 млн теңге болатын мал қорымының құрылыс барысымен танысты. Көлемі 90 текше метр болатын нысан ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отырып, биологиялық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.
- Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту - мал шаруашылығының қауіпсіздігін нығайтумен қатар, халықтың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды. Сондықтан барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға беріліп, барлық талаптарға сай болуы керек, - деп тапсырды облыс әкімі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев