
Павлодарда Ұлы Жеңістің 81 жылдығы аталып өтілуде. 9 мамырдың таңы Жеңіс саябағында ұйымдастырылған «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс» атты реквием-митингтен басталды. Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алауға майдан даласында қаза тапқан боздақтарды еске алып, тағзым ету үшін мыңдаған қала тұрғыны жиналды.
Павлодарлықтар соғыс қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Тыныштықта метроном үні естіліп, одан кейін алаңда салтанатты түрде қарудан оқ атылды.
Облыс әкімі Асайын Байханов Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Жиналған жұртшылық та жеңімпаз ұрпақтың ерлігіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Павлодарлықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыс жылдары Павлодар өңірінен майданға 40 мыңнан астам адам аттанды. Олардың жартысынан көбі - 21 830 жауынгер туған жеріне қайтып оралмады. 10 мыңнан астам жерлесіміз жауынгерлік наградалармен марапатталды. 23 павлодарлыққа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, тағы сегіз жауынгер Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Бүгінде Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының бес ардагері тұрады. Жеңіс күні қарсаңында өңір басшысы әрбір ардагердің үйіне арнайы барып, ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс айтып, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Жеңіс күні - бұл миллиондаған құрбандарды еске алу, бейбітшілік пен еркіндікті орасан зор шығынмен қорғап қалған халықтың қайсарлығы мен мұқалмас рухына тағзым ету күні.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев