Павлодарлық әскери қызметшілер Отан қорғаушылар күніне орай марапатталды

Павлодарлық әскери қызметшілер Отан қорғаушылар күніне орай марапатталды

Мемлекеттік мереке - Отан қорғаушылар күні қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында әскери қызметшілердің, ардагерлердің және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

2026 жылы Қазақстанның Қарулы Күштері 34 жылдығын атап өтуде. Отан қорғаушыларды облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, олардың ел қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше атап өтті: «Отанды қорғау - тек әскери қызметшілердің ғана міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ борышы». Павлодар өңірі - батырлар мен даңқты дәстүрлердің мекені. Сіздер Отанға қызмет ету жолын таңдадыңыздар, бұл - үлкен мәртебе. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері - заманауи әрі қуатты құрылым. Әскер дамып келеді, жаңа технологиялар енгізілуде, кәсіби құрам қалыптасуда. Әскери қызметшілеріміз әскердің барлық түрінде елге абыроймен қызмет етіп жүр, - деді өңір басшысы.

Өңір басшысы ардагерлерге, офицерлер мен сарбаздарға шынайы алғысын білдіріп, олардың қызметі бейбітшілік пен тұрақтылықтың сенімді кепілі екенін атап өтті.

Қызметтік міндетін үлгілі атқарғаны, жоғары кәсібилігі, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы - Мұхамедқанапия Абдуалиев, еңбек ардагері - Рашид Апеков, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №45 мекемесінің басшысы - Ардақ Иманғалиев, Ертіс аудандық сотының әкімшісі - Тимур Мағауов, Полиция департаменті басшысының орынбасары - Қайыржан Шақарғалиев, облыстық прокуратура аппаратының басшысы - Әлібек Шөкеев марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен ұлттық қауіпсіздік органдарының, шекара қызметінің және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері марапатталды.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев