2019 жылы Қазақстан құрамасы жүзу спортынан Әлем чемпионатында үш рекордты жаңартып, Олимпиада лицензиясын ұтып алды. 2020 жылы коронавирус үлкен спортты уақытша тоқтатты. Pavlodarnews.kz тілшісі пандемия кезінде Павлодардағы олимпиадалық бассейннің жұмысы қалай өзгергенін білді.
Ertis Olympic заманауи спорт кешені пандемия кезінде қатаң ережеге сүйеніп жұмысын жалғастыруда. Олимпиадалық бассейн Павлодарда небары екі жыл бұрын бой көтергенімен, жергілікті спортшылардың кәсіби деңгейіне елеулі әсерін тигізіп үлгерді. Жүзу спорты бойынша балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Бақыт Смағұловтың сөзіне қарағанда, бассейннің халықаралық стандарттарға сай мөлшері мұнда ең жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді. Облыс және Қазақстан құрамасына енетін жүзушілер Павлодарда іріктеледі.
- Әрине, бассейн ашылысымен көп нәрсе өзгерді, - дейді Бақыт Смағұлов. – 25 метрлік бассейнде жаттыққанда жарысқа дайындалу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болдық. Өйткені, ірі додалардың барлығы 50 метрлік бассейнде өткізіледі. Қазір біздің мүмкіндіктеріміз Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларынан ешбір кем емес. Балалар дән риза.
Ertis Olympic құрылысына 2,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражатты өңірдің ірі компаниялары мойындарына алды. Аталған соманың тең жарымына жақын қаражатты Павлодар облысындағы Бозшакөл кен орынында операциялық іс-қызметін атқарып жатқан KAZ Minerals Тобы бөлді. Бизнес үшін бұл әлеуметтік жауапкершіліктің бір бөлігі.
Екі жыл ішінде жергілікті спорт мектебінің түлектері спорт шебері атанып, бірнешеуі Қазақстан чемпиондары атағын иемденді.
11 жасар Нұрмұхаммет Шәкарман жүзумен үш жыл айналысып келеді. Жас спортшы Олимпиадаға қатысып, алтын медальді мойына тағу мақсатын көздейді. Көктемде Нұрмұхаммет спорт мектебінің өзге де түлектері (олардың саны 900-ден асады) секілді онлайн жаттықты. Алтын медаль ұтып алу үшін ол жеткіліксіз. Ол үшін «суды сезіп», техниканы үнемі жетілдіру қажет. Спортшылар үшін үйреншікті жаттығу процессін сақтау аса маңызды.
- Бассейн керемет, біз мұнда жаттығамыз, достарымызбен қауышамыз, бәрі жақсы, - дейді Нұрмұхаммет Шәкарман. – Қазіргі кезде 50 метр қашықтықты 51 секундта жүзіп өтемін. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі жақсартып, Олимпиадада жеңіске жетуге тырысамын. Ата-анам да менің кәсіпқой спортшы болуымды қолдайды.
Жаттықтырушылардың пікірінше, коронавирус пандемиясы жаттығу процессіне елеулі түрде әсерін тигізді. Карантин біртіңдеп алынып тастаған кезде бассейнге әрбір адамға бес шаршы метр есебінен спортшылар мен қарапайым қала тұрғындарын кіргізе бастады. Спорт кешені жабылған әрбір түні дезинфекциялық заттардың көмегімен толықтай залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Барлығы қатаң карантин енгізілгенінен қауіптенеді – Павлодар облысы COVID-19 таралу қарқыны жөнінен қызыл аймаққа енді.
- Карантинге байланысты бір жолға 5-7 ғана адамды жіберіміз, - дейді Ertis Olympic медицина қызметкері Гүлмира Теңізова. – Бассейнге кіру үшін анализдер тапсырып, медкабинетте қаралу қажет. Содан соң ғана суға түсуге рұқсат береміз.
Медқызметкердің сөзіне сенсек, әрбір үш сағат сайын су сапасы тексеріледі. Бассейн тұрақты түрде санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өткізіледі. Су температурасы жайлы – 27-28 градус.
Жаттықтырушылар болашақ жеңістер үшін барын салуда. Әзірше жағдай күрделі: 2020 жылдың жазында Ertis Olympic кешенінде өткізілуі тиіс Қазақстан чемпионаты кейінге қалды. Спортшыларымыздың халықаралық жарыстарға шығуы да жоспарланған. Мәселен, павлодарлық жүзушілер Азия чемпионатына баруды көздеген. Сонымен бірге, биыл Павлодарда ардагерлер арасындағы халықаралық жарыс өткізу бойынша келіссөздер жүргізілген еді. Алайда пандемия салдарынан барлығы кейінге қалдырылды.
Айбек Жұматов