
Облыс әкімінің жұмыс сапары орталық жағалаудан басталды. Мұнда абаттандыру айлығы аясында 2026 жылғы Павлодар қаласының мектеп түлектерінің Аллеясы отырғызылды. «Алтын белгіге» үміткер 140 түлек пен оқу озаттары қарағай көшеттерін отырғызды.
Облыс орталығын көгалдандыру жұмыстары дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы, өткен жылы Павлодарда 600-ден астам ағаш отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады: Шарбақты көпірінің маңындағы жасыл белдеуде шамамен 17 мың түп ақ терек, тал, қарағай, мамыргүл, үйеңкі және шаған көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар қалада тағы 900-ге жуық ірі жапырақты жөке ағаштары отырғызылады.
Асайын Байханов Павлодарды дамыту кешенді түрде әрі біртұтас жүйе ретінде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. - Қалалық орта тек жайлы ғана емес, өмір сүруге барынша ыңғайлы болуы керек. Бұл - жасыл көшелер, заманауи мектептер және сапалы инфрақұрылым. Барлығы өзара үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі өткен жылы толық қайта жаңғыртудан өткен, сондай-ақ арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға барды. Мекемедегі кітап қоры 70 мыңнан астам дананы құрайды, оның ішінде аудиоформаттағы және Брайль қарпімен басылған әдебиеттер бар.
Сондай-ақ өңір басшысы 1200 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болды. Бұл мектептің құрылысы қазіргі таңда орын тапшылығы туындап отырған жақын маңдағы 4 қалалық мектептің (№24, 25, 42 және М. Әлімбаев атындағы мектеп) жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған мектептердің үлгісі бойынша жүзеге асырылып, толықтай облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Нысанның жалпы аумағы шамамен 7000 шаршы метрді құрайды, мұнда оқу үдерісін ұйымдастырудың барлық заманауи талаптары ескерілетін болады. Құрылысты келесі оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Асайын Байханов әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстарына ерекше назар аударды - бұл өңір үшін өте маңызды инфрақұрылымдық жоба. Жаңғырту жұмыстары әуежайды халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған.
Қазіргі таңда жұмыстардың 51% орындалды. Ұшу-қону жолағының жабынын фрезерлеу, негізін ұлғайту, ұзындығы 17,2 км болатын қоршау орнату, жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін монтаждау, дренаж және жерге тұйықтау жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтардың барлығы сатып алынды.
Қазір деформациялық жіктерді орнату және асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарға 70 астам маман және 25 арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2026 жылдың шілде айына, ал пайдалануға беру - іске қосу жұмыстарын ескере отырып, 2026 жылдың тамыз айының соңына жоспарланып отыр. Астана және Алматы қалаларына ұшақ қатынасын қайта жандандыру, сондай-ақ жаңа ішкі және халықаралық бағыттарды ашу күтілуде.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы абаттандыру жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді, жаңа отырғызылған көшеттерге күтім жасауды, құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтауды және әуежайды қайта жаңғырту жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев