Облыс әкімдігінде 2026 жылдың I тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджетті игеру барысы, сондай-ақ мамыр айындағы мерекелерге дайындық мәселелері қаралды

Облыс әкімдігінде 2026 жылдың I тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджетті игеру барысы, сондай-ақ мамыр айындағы мерекелерге дайындық мәселелері қаралды

Жиналыс басында облыс әкімі Асайын Байханов алдыңғы күні орын алған қолайсыз ауа-райына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің жедел баяндамасын тыңдады. Дауылды желдің екпіні 25 м/с дейін жетіп, салдарынан Екібастұз қаласында, Ақтоғай, Успен және Тереңкөл аудандарында әлеуметтік нысандардың, кәсіпкерлік объектілердің және тұрғын үйлердің шатырлары зақымданды. Бірқатар аумақтарда электр қуатының өшу жағдайлары тіркелді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтандырылды.

2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталуда. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,6% құрады. 2026 жылғы наурыздағы инфляция деңгейі - 101,9%, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Алдағы кезеңге арналған болжамды көрсеткіштер оң динамиканы көрсетіп отыр: өнеркәсіп өндірісінің өсімі - 0,4%, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 226 млрд теңгеден астам (+2,1%), ауыл шаруашылығының өсімі - 4,6%, ішкі сауда - 110%, құрылыс саласының өсімі - 11,9%, тұрғын үйді пайдалануға беру - шамамен 70 мың ш.м (+1%).

Өңір басшысы жалпы алғанда Павлодар облысы тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын атап өтті, алайда Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Баянауыл, Павлодар және Шарбақты аудандарында бірқатар көрсеткіштердің төмендегеніне назар аударды.

Облыс әкімі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді, тұрақты мониторинг жүргізуді, сондай-ақ бюджеттің кіріс бөлігін жан-жақты талдауды тапсырды.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыстық бюджеттің кірістері 152,9 млрд теңге жоспар кезінде нақты 119,4 млрд теңгеге орындалып, 78,1% құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсімдер 17,2 млрд теңгеге немесе 116,9%-ға артты.

Сонымен қатар, меншікті кірістер бойынша ай сайынғы бөліністе жыл соңына дейінгі нақты түсімдерді бағалап және төлемдерді қаржыландыру жоспарларымен салыстыра отырып талдау жүргізу тапсырылды.

Облыстық бюджеттің шығыстары 122,1 млрд теңге жоспар кезінде 121,5 млрд теңгеге орындалып, 99,5% құрады. Бағдарлама әкімшілері мен қала және аудан әкімдерінің мәліметтері бойынша, төрт айдың қорытындысы бойынша шығыстардың орындалуы шамамен 99,9% болады деп күтілуде.

Қаржы басқармасына субвенциялардың уақытылы аударылуын және бюджеттің орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ жиналыста мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шаралар кешені қаралды: Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні.

Облыста қоғамдық келісімді нығайтуға, патриоттық тәрбиені арттыруға және тарихи жадты сақтауға бағытталған шамамен 2000 іс-шара жоспарланған.

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс бойынша 500-ден астам іс-шара өтеді. Негізгі мерекелік іс-шара Павлодар қаласындағы Конституция алаңында шығармашылық ұжымдар, этномәдени бірлестіктер және Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен ұйымдастырылады.

7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында ерлік сабақтары, тақырыптық көрмелер, концерттер және облыстың қалалары мен аудандарында салтанатты жиындар бар.

9 мамыр - Жеңіс күніне орай өңірде 1000-нан астам іс-шара өтеді: барлық елді мекендерде ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, музейлерге бару, концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, патриоттық акциялар және ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылады. Негізгі гүл шоқтарын қою рәсімі 9 мамыр күні сағат 10:00-де Павлодар қаласындағы Даңқ ескерткіші алаңында өтеді. Сондай-ақ дәстүрлі түрде «Ардагерім - ардағым» акциясы және «Ер есімі - ел жадында» онлайн-шеруі ұйымдастырылады.

Облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде іс-шараларды кеңінен жариялауды, сондай-ақ мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев