
Еліміздің көрікті мекендерінің бірі саналатын Баянауыл тауларының етегінде мемлекеттік деңгейдегі негізгі экологиялық бастамалардың іс жүзіндегі жүзеге асырылуы көрсетілді.
Павлодар облысы телекөпірдің негізгі алаңдарының біріне айналып, Президент бастамасы «Таза Қазақстан» акциясының жүйелі түрде іске асырылу нәтижелерін ұсынды. Қазақстанның табиғи інжу-маржаны саналатын Баянауыл өңірі бүгінгі күні бірегей табиғи мұраға ұқыпты қарау мен тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың үйлесімді үлгісін көрсетіп отыр.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының бастамасы елде жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырудың негізіне айналғанын атап өтті. Бұл - жауапкершілік, жасампаздық және табиғатқа құрмет мәдениеті.
- Павлодар облысының тұрғындары Сіздің бастамаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына белсенді қатысуда. Өткен жылы өңірімізде 40 саябақ жаңартылып, елді мекендерде 90 мың түп ағаш отырғызылды. Орман алқаптарына 30 млн қарағай көшеті егілді. Жасыл қорды қорғау үшін 640 бірлік техника сатып алынды. Биыл 67 мың түп ағаш пен 8 млн көшет отырғызу жоспарлануда. Бүгінгі шараға 200 мыңнан астам тұрғын қатысуда, - деп баяндады Асайын Байханов.
Экологиялық және ішкі туризм орталығы ретінде Баянауыл ауданын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің маңында заманауи туристік инфрақұрылым қалыптасуда: визит-орталық бой көтеруде, екі қонақүй кешені салынды, 4 демалыс аймағы жаңғыртылды. 2025 жылы туризм саласына 22 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.
Сонымен қатар өңірдің бірегей табиғи және киелі мұрасын насихаттауға бағытталған 40 астам туристік бағыт әзірленді. Экологиялық таза әрі абаттандырылған орта инвестициялық тартымдылықты арттыруда және өңірдің тұрақты дамуының басты факторына айналуда.
Телекөпір барысында Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сулаймонова да сөз сөйлеп, елдің экологиялық бастамасын жүзеге асырудағы жастардың маңызды рөлін атап өтті.
Бүгін «Жасыл ел» қозғалысының 2 мыңнан астам қатысушысы еріктілермен бірлесіп 50-ден астам туристік аймақты қамтитын Баянауыл өңірін тазарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Жастар Конституцияда бекітілген жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мемлекеттің сенімі мен маңызды азаматтық миссия ретінде қабылдайды.
Баянауыл жыл сайын туризмнің маңызды орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 180 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 10 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Осыған байланысты табиғаттың тазалығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау ерекше мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие.
Акция өткен күні Баянауыл ұлттық паркінде 1000 түп қарағай отырғызылды. Бұл жұмыс жүйелі әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие және жыл сайын жастар мен бизнес өкілдерінің белсенді қатысуымен жүзеге асырылып келеді.
Павлодар облысында «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру елдегі экологиялық мәдениетті нығайту, туристік әлеуетті дамыту және табиғи мұраны сақтау бағытындағы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде жүйелі түрде жалғасын табады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі