Павлодар облысының әкімдігі Азиядағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі - қытайлық Snow Valley Agricultural Group Co. Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Павлодар облысының әкімдігі Азиядағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі - қытайлық Snow Valley Agricultural Group Co. Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Компания картоп өндірісінің толық циклін жүзеге асыруға маманданған: сұрыптау мен өсіруден бастап терең өңдеуге дейін, соның ішінде мұздату технологиясын қолдана отырып фри картобын өндіруді қамтиды.

Компания озық шешімдерді, соның ішінде импульстік электр өрісі (PEF) жүйелерін белсенді түрде енгізуде. Бұл технология өнім сапасын арттыруға және майды аз тұтынуға мүмкіндік береді. Snow Valley өнімдері әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады.

Құжатқа Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, топ төрағасы Ван Дэншэ және компания басшысы Чжан Фань қол қойды.

Жасалған меморандум аясында жылына 100 мыңнан 200 мың тоннаға дейін картопты терең өңдейтін заманауи кешен құруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Өндіріс жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталады.

Жоба келесі бағыттарды қамтиды: картоп өсіру және тұқым шаруашылығы саласында сұрыптау және ғылыми зерттеулер орталығын салу, фри картобы мен ауыспалы егіс дақылдарынан өнім өндіретін кәсіпорын құру, қойма, логистика және өткізу инфрақұрылымын дамыту. Инвестицияның жалпы көлемі 100-200 млн АҚШ доллары шамасында.

Жобаны іске асыру өңірде толыққанды өндірістік-өткізу тізбегін қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу қуаттарының тапшылығын азайтуға, сондай-ақ сұрыптау, өсіру, өңдеу және қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы Асайын Байханов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

- Әкімдік жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық өндірістерді құруға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын, - деді ол.

Snow Valley Agricultural Group Co. Ltd - 2007 жылы ҚХР-ның Чжанцзякоу қаласында құрылған жоғары технологиялық аграрлық холдинг. Компания құрылымына өңдеу парктері, вируссыз тұқымдық картоп базалары және дамыған логистикалық желі кіреді.

Жыл сайынғы өңдеу көлемі 800 мың тоннадан асады, оның ішінде 400 мың тоннадан астамы мұздатылған өнімдерге тиесілі. Қоймалардың жалпы сыйымдылығы 700 мың тоннаға жетеді. Сұрыптау жұмыстары аясында картоптың 80-нен астам түрі шығарылған, олардың бір бөлігі тіркеліп, өндірісте кеңінен қолданылуда.

Кездесудің қорытындысы бойынша топ төрағасы Ван Дэншэ Павлодар облысының жоғары әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді әріптестікке ниетті екендерін мәлімдеді. Компания жобаны заманауи технологияларды қолдана отырып және жергілікті ресурстарды тарта отырып іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімдігі инфрақұрылымды дамыту, ресурстық базаны қамтамасыз ету және жобаны әкімшілік тұрғыдан сүйемелдеу мәселелерін қоса алғанда, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев