Екібастұз қаласының Солнечный кентінде №22 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Екібастұз қаласының Солнечный кентінде №22 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Бұл - өңірдің азаматтық қорғаныс жүйесін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүйелі түрде нығайту аясында салынған кезекті нысан.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов, сондай-ақ азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері қатысты.

Өңір басшысы нысанның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
- Солнечный кенті облыс экономикасында Екібастұз МАЭС-2 станциясының жұмысы арқасында маңызды рөл атқарады. Бұл инфрақұрылымның сенімділігі мен жедел әрекет етуге қойылатын талаптарды арттырады, - деді ол.

Ғимараттың жалпы ауданы 600 шаршы метрден асады, қызметкерлер саны - 18. Өрт сөндіру бекеті заманауи техникамен және тәулік бойы қызмет атқаруға арналған инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Жаңа бөлімше 8 мыңнан астам халқы бар Солнечный кенті мен Сарықамыс ауылдық округінің елді мекендерін қорғауды қамтамасыз етеді. Бұған дейін бұл аумақтарға шалғай орналасқан бөлімшелер қызмет көрсеткен болатын.

Салтанатты шара барысында өрт сөндіру және арнайы техниканың кілттері табысталды, бұл бөлімшенің жауынгерлік дайындығын едәуір нығайтты.

Өңірдегі азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту кешенді әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2026 жылдың наурыз айында Қарасор ауылында «Ауыл құтқарушылары» бекеті пайдалануға берілсе, Атамекен кентінде №5 өрт сөндіру бекеті жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінуде: 2025 жылы құтқарушыларды тәжірибелік оқыту үшін заманауи оқу-жаттығу мұнарасы орнатылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі міндет - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқарту және өңірдің даму қарқыны мен заманауи талаптарға сай келетін сенімді қорғаныс жүйесін қалыптастыру.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев