
Жиналысты ашқан өңір басшысы туризм бүгінде тек аймақтың имиджі ғана емес, сонымен қатар экономиканың маңызды қозғаушы күші екенін атап өтті.
Өңір нақты тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылы Павлодар облысына 240 мыңнан астам турист келді және олардың 160 мыңнан астамы Баянауыл курорттық аймағын таңдаған.
2026 жылы келетін туристер санын 282 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте шетелдік туристер ағынын үш еседен астам арттыруға ерекше мән берілуде. Мұндай ауқымды көрсеткіштер инфрақұрылымды дамыту арқылы нығайтылуда: демалыс орындары 7% өсіп, 10 мыңнан астам төсек-орынға жетті, ал көрсетілген қызмет көлемі 28%-ға артты. 2025 жылы салаға тартылған инвестиция көлемі 21,4 млрд теңгені құрап, жоспардан айтарлықтай асып түсті. 2026 жылы да өсім жалғасады деп күтілуде.
Бұл ретте, оң динамикаға қарамастан, облыс әкімі бірқатар жүйелі мәселелерді атап өтті.
- Инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған: толыққанды кәріз жүйесі жоқ, автотұрақтар, жарықтандыру, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулет нысандары жетіспейді, - деді Асайын Байханов.
Қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Су көліктеріне бақылауды күшейту және балаларға арналған шомылу аймақтарына ерекше назар аудару қажет.
- Ең маңыздысы - жазғы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, - деді өңір басшысы.
Бүгінде өңірде 45 жағажай жұмыс істйді, олардың 18-і жабдықталып, кәсіпкерлерге бекітілген. Туристік аймақтарда қауіпсіздік күшейтілуде: Жасыбай көлінде полицияның арнайы бөлімшелері, медицина қызметі мен құтқарушылар кезекшілік етеді, бейнебақылау камералары мен құтқару мұнаралары орнатылған. Сондай-ақ жедел жәрдемнің жеті бригадасы тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Инфрақұрылым да белсенді дамуда. Сабындыкөл жағажайын абаттандыру және бақылау алаңын салу жобалары жүзеге асырылды, Баянауылда визит-орталықтың құрылысы жалғасуда. Жасыбай көлінің жағажайын ауқымды түрде абаттандыру жоспарда бар. Сонымен қатар Павлодарда Novotel брендімен қонақүй, аквапарк, эко-қалашық және мәдени-демалыс орталығын салу сияқты ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ жол инфрақұрылымына, ағымдағы жөндеу және жаңа жобаларға ерекше көңіл бөлінуде.
Жаңа туристік нүктелерді дамытуға да ерекше назар аударылды. Мәселен, Аққулы ауданындағы Тұзқала көлі қазірдің өзінде мыңдаған туристі тартуда. Шарбақты ауданында Маралды көлі курорттық аймағы қарқынды дамып, соңғы жылдары демалушылар саны сегіз есеге жуық артты. Ертіс орманы аумағында да экологиялық кешендер мен жаңа туристік бағыттар құру жоспарлануда.
Маңызды бағыттардың бірі - мәдени туризм. 23 мамыр күні Павлодарда «Ertis Promenade» сахнасы ашылып, маусым бойы онда концерттерден бастап халықаралық би баттлдарына дейін көптеген іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ спорттық турнирлер, веложарыстар, ТМД елдерінің туристік слеттері және өңірдің киелі орындарына экскурсиялар жоспарланған.
Облыс әкімі жергілікті басшылардың жеке жауапкершілігін қатаң түрде атап өтті. Ол қала және аудан әкімдеріне туристік нысандарды маусым басталғанға дейін толық дайындауды, негізгі көрсеткіштерге (туристер ағыны, демалыс орындары, қызмет көлемі) қол жеткізуді, аумақтарды абаттандыруды және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру үшін кәсіпкерлермен кездесулер өткізуді жүктеді.
- Тек дайындалып қана қоймай, барлық деңгейде сапалы қызмет пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет, - деді облыс әкімі.
Осылайша, Павлодар облысы жаңа туристік маусымға өсім көрсеткіштерімен және ауқымды жоспарлармен кіріп отыр. Алайда инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы басты мәселе болып қала береді.
Алдағы айларда осы мәселелердің тиімді шешілуі өңірдің ұзақ мерзімді туристік беделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев