
Бүгін Павлодар қаласын жұмыс сапары аясында аралау барысында облыс әкімі Асайын Байханов қаланың инфрақұрылымдық жобаларымен танысты.
«Павлодар автокомбинаты» ЖШС YUTONG маркалы 15 жаңа автобусты таныстырды. Жаңа көліктер экологиялық Еуро-5 стандартына сәйкес келеді, 36 орынға есептелген және ГЛОНАСС жүйесімен, аудио және бейнежүйелермен, салқындатқышпен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған пандуспен жабдықталған.
Өңір басшысы аталған автобустардың келуімен облыстың үш қаласындағы қоғамдық автокөлік паркі 100% толық жаңартылғанын атап өтті.
Сондай-ақ Асайын Байханов Д.Д. Махмудов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасына барып, Беларусь елінен жеткізілген 10 жаңа трамвай вагонының алғашқы 4 вагонымен танысты. Олар қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи жүйелерімен: ауа-райын-бақылау, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және толықтай мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға бейімделген. Сонымен қатар жаңа трамвайлар үлкен сыйымдылықта (36 отыратын және 120 тұратын орын) және 20 км дейін автономды жүру мүмкіндігі бар.
Бүгінгі таңда трамвай желісінде 109 трамвай қатынайды және оның ішінде 70 вагонның пайдалану мерзімі өткен. Алдағы бірнеше жылда ескірген 65 вагонды ауыстыру және қалғандарын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр.
- Бұл экологиялық таза әрі тиімді көлік түрі. Біз Павлодар трамвайларын сақтап қана қоймай, автобус паркін және жалпы көлік жүйесін жаңартумен қатар, ескірген трамвай паркін де кезең-кезеңімен жаңғыртып жатқанымыз қуантады, - деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Н. Назарбаев даңғылы бойымен «Ладожская» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтті. Жақын арада «Достық» шағын ауданында ұзындығы 5 км болатын жаңа трамвай желісінің құрылысы басталады.
Бұдан бөлек, өңір басшысы Ак. Сәтбаев көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 2026 жылы Павлодарда жалпы ұзындығы 45 км болатын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде қаланың негізгі магистральдары - Ак. Сәтбаев, Катаев, Қайырбаев, Кривенко, М. Жүсіп, Бұқар жырау, Естай көшелері және тағы да басқалары бар. Қазіргі таңда жұмыстар төрт учаскеде басталды. Сапаға ерекше көңіл бөлінді.
- Негізін дайындаудан бастап асфальт төсеуге дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау қажет. Жолдар нормативтік пайдалану мерзіміне сай болуы тиіс, - деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 2,7 км болатын көпірдің құрылысы да қаралды. Бүгінде жұмыстардың 40% астамы орындалды.
Қалаға кіреберіс аумақты абаттандыру жұмыстары да тексерілді. Оның ішінде жол жабынын жаңарту, жол белгілері мен инфрақұрылым элементтерін орнату қарастырылған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жобаларды іске асыру мерзімдерін сақтау, жұмыс сапасына бақылауды күшейту және қалалық инфрақұрылымды дамытуға жүйелі тәсілді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев