
Бүгінгі таңда өңірдің инвестициялық пулында 7,4 трлн теңгеге 140 жоба бар.
Отырыста Екібастұз қаласы әкімдігінің жаңа жобаларын облыстың даму жоспарына енгізу бойынша ұсыныстары қаралды.
Талқылау барысында Екібастұздың моноқала мәртебесінен шығып, қазіргі уақытта терең өңдеу, энергетика және цифрлық экономикаға басымдық беретін индустриялық орталық ретінде қалыптасып жатқаны атап өтілді.
Қазіргі таңда Екібастұз бойынша жалпыұлттық пулда 6,4 трлн теңгеге 21 жоба іске асырылуда. Қосымша инвестициялық штабта жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын тағы 8 жобаны енгізу ұсынылды. Бұл жобалар шамамен 1 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орны құруды көздейді.
Жобалар төрт негізгі бағытты қамтиды. Цифрлық экономика саласында инвестиция көлемі 196 млрд теңгені құрайтын және 250 жұмыс орнын ашатын деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жоспарлануда. Бұл өңірді жаһандық цифрлық нарыққа интеграциялауға мүмкіндік береді деп, - атап өтті облыс әкімі.
Өнеркәсіп саласында алюминий зауытын, көмірді байыту және жартылай кокс өндіру нысандарын салу көзделген. Бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады. Мұнда шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшу туралы сөз болып отыр.
Энергетика саласында қуаты 350 МВт болатын ЖЭО және қуаты 100 МВт болатын ілеспе газдарда жұмыс істейтін станция салу жоспарланған. Жалпы алғанда 450 МВт жаңа генерация іске қосылып, бұл өнеркәсіптің одан әрі өсуіне резерв қалыптастырады.
Сондай-ақ экономиканың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін асфальтбетон зауыты мен жанар-жағармай бекетін салу және іске қосу жоспарлануда.
Жобаларды іске асыру Екібастұз қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,6 трлн теңгеден 2 трлн теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайтып, 25-30% өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қала бюджетіне қосымша салық түсімдері 8-12 млрд теңге деңгейінде болжануда.
- Сөз жекелеген жобалар туралы емес, заманауи энергетикасы, терең өңдеу саласы және цифрлық инфрақұрылымы бар Екібастұздың жаңа индустриялық бағытын қалыптастыру туралы болып отыр, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Талқылау барысында облыс әкімі жобаларды жан-жақты пысықтау қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталықтары алқабы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дайындығы, сондай-ақ жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар өңірлік инвестициялық штаб отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлеріне арналған «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымдық жобасы қаралды. Құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жоба 2026-2027 жылдары іске асырылады. Компания 108 пәтерлі, толық әрленген 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі жұмысшы мамандық иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасының жоғары әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.
Жобаны іске асыру мерзімдерінің қысқалығын ескере отырып, өңір басшысы нысанды қалалық инженерлік желілерге қосу үшін жылдамдатып техникалық шарттарды беруді тапсырды. Сөз Павлодар қаласы, Бакинская көшесі, 13/1 мекенжайында орналасқан жер учаскесі туралы болып отыр.
Отырысты қорытындылай келе, өңір басшысы бірқатар тапсырма берді: қаралған барлық жобаларды өңірлік үйлестіру кеңесінің алдағы отырысына шығару, 10 сәуірге дейін кеңес отырысын өткізіп, мемлекеттік қолдау шараларын пысықтау, 15 сәуірге дейін инвесторлармен жол карталарына қол қою, нысандарды бас жоспарға енгізу мәселесін қарастыру.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев