
- Бұрын Павлодар өңірінде суармалы-шалғынды тоғыз алқап жұмыс істеді және олардың өнімділігі қарапайым шабындықтардан 6-7 есе жоғары болды. 2024-2025 жылдары біз Баянауыл ауданындағы лимандарды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Олар мал шаруашылығы үшін сенімді азықтық базаға айналады, ал қараусыз қалған лимандарды суландыру 6 мың га астам аумаққа су жеткізуге және шалғай жатқан жайылымдарда су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті әкім.
Өңір басшысы Қаныш Сәтбаев және Мәшһүр Жүсіп атындағы ауылдардың маңындағы лимандардың жұмысын және судың толу деңгейін бағалап, Теңдік ауылы маңындағы көпірлерді тексерді. Лимандық суару жүйесі 18 бөліктен, 36 су өткізу құрылыстарынан және 21 бөгеттен тұратын 1,3 мың га аумақты қамтитын Сәтбаев ауылдық округіне ерекше назар аударылды. Оны қалпына келтіру үшін су шайған 52 жыраның орны толтырылып, жалпы ұзындығы 51,8 км болатын бөгеттер қалпына келтірілді, сондай-ақ 23 бетонды гидротехникалық құрылыс орнатылды.
Жаңажол ауылдық округіндегі жалпы аумағы 2,4 мың га лимандарда үйінділер қалпына келтіріліп, жер жұмыстары жүргізілді (жалпы көлемі 810 038 м³), 2 автоматты су ағызу құрылғысы мен 8 гидрожапқыш орнатылды.
Келесі кезеңде Баянауыл ауданының Жаңатілек және Ұзынбұлақ ауылдық округтерінде 3,1 мың га аумақта гидромелиоративтік жүйелерді қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Жобаны толық іске асыру Айдос, Бала-Шідерті және Ащысу өзендерінің суларын барынша тиімді пайдалануға, суармалы шалғындардың өнімділігін арттыруға және жыл сайын шамамен 11 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік береді. Бұл шалғайдағы мал шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді.
- Жоба реттелмейтін су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз - лимандардың қызметін қалпына келтіріп, еріген суды тиімді пайдалану арқылы шалғай жатқан жайылымдарда су тапшылығын болдырмау, - деп қорытындылады әкім.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі