
Өңір басшысы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен бірге әуеден барлау жасап, Ақтоғай ауданындағы су тасқыны жағдайымен танысты және еріген қар сулары жиналған учаскелер мен инженерлік қорғаныс нысандарының жай-күйін тексерді. Әуеден барлау бағыты Шұға, Шолақсор, Жалаулы және ауданның басқа да елді мекендерінің үстімен өтті.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, биылғы қыс мезгілінде өткен жылмен салыстырғанда қар қоры едәуір көп жиналды: қар жамылғысының биіктігі 34 см дейін жетті (2025 жылы 9 см). Қардағы су қоры 4 еседен астам өсіп, 94,9 мм дейін артты. Топырақ қабатының тереңірек қатуы және мұз қабығының болуы тіркелді, бұл су басу қаупін арттырады.
Бұған дейін жүргізілген инженерлік дайындық жұмыстары қорғанысты едәуір нығайтқанын көрсетіп отыр. Жалаулы ауылында 2024 жылы жалпы көлемі 200,0 мың м³ болатын 3 қазаншұңқыр мен 2 су бұру арығы салынды, ал 2025 жылы ұзындығы 8300 м, биіктігі 2 метр қорғаныс үйіндісі қалпына келтірілді. Шілікті ауылында 2024 жылы аудандық маңызы бар «Жолболды-Шілікті» автожолының 9-шақырымында диаметрі 1000 мм су өткізу құбыры орнатылды. Сондай-ақ 5-шақырымда диаметрі 1000 мм болатын 3 су өткізу құбыры орнатылды. Шолақсор ауылында 8 км астам қорғаныс құрылыстары салынды, каналдар қазылып, су өткізу құбырлары орнатылды, көпірдің құрылысына дайындық жүргізілуде.
Сілеті өзеніне ерекше назар аударылды, өйткені оның деңгейінің көтерілуі Ақмола облысындағы су қоймасының толуына тікелей байланысты. 22 наурызда мұнда мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді, қазір өзенде мұзды ұсақтау және кесу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы облыс бойынша жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқыны кезеңі дәстүрлі түрде екі кезеңнен тұрады: қазіргі уақыттағы қардың еруі және одан кейінгі жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадынан су жіберу.
Қазіргі уақытта өңірде инженерлік іс-шаралардың толық кешені жүзеге асырылды: 156 км бөгет уақытылы нығайтылды, ондаған су өткізу құрылыстары жөнделіп, орнатылды, 1,6 млн текше метрден астам қар шығарылды. Жүздеген техника, мотопомпалар және инертті материалдардың едәуір қоры дайын тұр.
- Қазір біз нақты жағдайды: табиғи тәуекелдерді де, атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көріп отырмыз. Биыл қар мен су қорының көп болуына байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме жоғары болады. Біздің міндет - алдын ала әрекет ету. Біз мониторингті күшейтіп, барлық күш пен құралдарды дайын күйде ұстап отырмыз, қажет болған жағдайда жедел шешімдер қабылдаймыз. Әрбір елді мекен бойынша тәуекелдер мен іс-қимыл алгоритмі айқындалған, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Әуеден барлау жүргізу жағдайды бағалап, әрекет ету шараларын нақтылауға мүмкіндік берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі