Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Май ауданына барды

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Май ауданына барды

Май ауданының Көктөбе ауылында жаңа жүзу бассейні ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне спорт ардагерлері, жастар және қоғам өкілдері қатысты.

Бассейн құрылысы облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен қаржыландырылды - 548,8 млн теңге. Нысан қысқа мерзімде, небәрі 7 ай ішінде пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Асайын Байханов қол жеткізілген көрсеткіштер тиімді ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

- Біз ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытып жатырмыз. Әрбір тұрғынның тұрғылықты жеріне қарамастан, спортпен айналысуы үшін қолайлы әрі заманауи мүмкіндіктерге ие болуы аса маңызды. Бұл - халықтың денсаулығы мен ауданның келешегіне бағытталған инвестиция, - деді облыс әкімі.

Жаңа бассейн сағатына 25 адамды қабылдай алады. Ғимараттың жалпы ауданы 700 шаршы метрден асады, ал бассейннің тереңдігі 1,5 метрден 2,1 метрге дейін. Нысанның іске қосылуымен 21 жұмыс орны құрылды.

Символикалық лентаны қию құқығы еңбек ардагері Қадыр Арыновқа және грек-рим күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерсұлтан Садырға берілді.

Жаңа спорт нысанының ашылуынан кейін облыс әкімі инвесторлармен кездесу өткізіп, ағымдағы және перспективалық жобаларды талқылады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Май ауданы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетті. Тартылған инвестициялар көлемі 17,6 млрд теңгені құрады. Оң динамика биыл да сақталуда.

Бүгінгі таңда ауданда жалпы құны 32 млрд теңгеден асатын 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында: «FishFarm» ШҚ балық өңдеу цехының құрылысы және «Ақжар Өндіріс» ЖШС консерві өндірісі.

Өнеркәсіп саласында байыту фабрикаларын салу жобалары жүзеге асырылуда: «Демеу Көк-Тас» ЖШС мыс концентратын өндіруді, ал «Druzhba Mining» ЖШС титан-цирконий концентратын шығаруды көздеп отыр.

Сонымен қатар, ауданда суармалы егіншілік те дамуда. «Bai Agro 8» ЖШС және «MY Feedlot» ЖШС ирригациялық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруда.

Асайын Байханов инвесторлармен жобаларды іске асыру мерзімдерін талқылап, аудан экономикасына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

- Инвестиция тарту жаңа жұмыс орындарын құруға және халық табысының өсуіне тікелей әсер етеді. Біздің міндетіміз - бизнеске жан-жақты қолдау көрсету және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеу, - деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесудің қорытындысы бойынша өңір басшысы барлық жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауда ұстауды, ал салалық басқармаларға инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев