
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Павлодар облысының нәзік жанды тұрғындарына мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табысталды. Салтанатты рәсім Естай атындағы мәдениет сарайында өтіп, білім беру, денсаулық сақтау салаларынан бастап бизнес пен қоғамдық қызмет дейінгі түрлі салалардың өкілдерін біріктірді.
Облыс әкімі Асайын Байханов әйелдер қауымын келе жатқан мерекемен құттықтап, облыс пен елдің дамуына қосқан үлестері, сондай-ақ мемлекеттік бастамаларды қолдағаны үшін алғысын білдірді.
- Павлодар Ертіс өңірінің ең қымбат байлығы - сіздерсіздер, құрметті ханымдар. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Сіздер игі істерге шабыт беріп, болашақ ұрпақты тәрбиелейсіздер және өмірді мейірім мен жылылыққа бөлейсіздер. Әрбір адамның өміріндегі ең маңызды әрі бақытты сәттері де сіздермен тығыз байланысты, - деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгінде Павлодар облысында 370 мыңнан астам әйел тұрады. Бұл - өңір халқының жартысынан көбі. Білім беру саласындағы мамандардың шамамен 75%, ал денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 80% астамын әйелдер қауымы құрайды. Шағын және орта бизнестегі әрбір үшінші кәсіпкер де - нәзік жанды қыз-келіншектер. Сонымен қатар әйелдер қауымы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызметтің дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.
Салтанатты рәсім барысында кәсіби және қоғамдық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген өңірдің бірқатар тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Зәуреш Мұқашеваға және дәрігер-реабилитолог Айгүл Оспановаға «Құрмет» ордені табысталды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынова және Ақсу ферроқорытпа зауытының сорғы қондырғыларының машинисі Светлана Балковая «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ өңірдің бірқатар нәзік жанды тұрғындары ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік іс-шара әсерлі музыкалық концертпен жалғасып, кештің хедлайнерлері Жанболат пен Жазира және Әлішер Кәрімов аналар мен әйелдер қауымына арналған әндерін шырқады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев